Жоғары

ДІН ТУРАЛЫ БІЛУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

...

Дін туралы заң – бүгінгі таңда еліміздің әрбір азаматы үшін өте өзекті мәселе. Сондықтан діннің еліміздегі ахуалы туралы қоғамдық ой бағамдау, пікір топшылаумен бірге, нақты мемлекеттік заң актілеріне өзгерістер енгізіліп, зерттеу-талдау жасалып, бағдарламалық құжаттар әзірленуі – жөні бар қадам. 

Қазақ елі – өзінің сан ғасырлық ізгі мұратын, Аллаға шүкір, осы ширек ғасыр ішінде жер әлемге әйгілеп, дербес, тәуелсіз ел ретінде діні мен дәстүрін, тілі мен ділін дамытып, өз алдына тіккен күмбезді шаңырағы бар мемлекетке айналып үлгерді.

Ат төбеліндей қазақ ұлтының өз алдына дербес мемлекет болу, мемлекеттігін сақтау, қорғау идеясынан ешқашан көз жазбаған. Бүгінімізде, болашағымызда солай болуға тиіс.  Бұл табан аудармайтын ұлы мұрат, үлкен әлеуетіміз. Өзгерістер енгізіліп, қабылданғалы отырған дін туралы заң соның бір айғағы. Дін – адам болмысының сұранысы, қоғамдық әрі рухани қажеттілік. Бұл дін туралы заңның қадау-қадау тұстары бүгінгі болмысымызда, қоғамымызда орын алып отырған әрі сәрі жағдайға алаңдаушылық білдіріп қана қою емес, оның шешімін тауып, реттелуіне бағытталған шара деуге болады.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ұсынып отырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында дінді кері мақсатта пайдаланудың алдын алу, теріс діни идеологияның таралу жолдарын шектеу мәселелері қамтылған. Сондықтан бұл заң жобасы қоғамдағы тұрақтылық пен діни келісімді қалыптастыруға өз үлесін қосады деп айтуға болады.

Ал біздің дініміз отбасының бұзылмауына ерекше мән береді, шаңырақтың шайқалмауын көздейді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде:

«Рұқсат етілген істердің ішіндегі Алла Тағалаға ең сүйкімсізі – талақ», -деп шаңырақты бұзбауға шақырған екен.


Келулердің саны: 244