Жоғары

Шет ауданы

 

Шет ауданы 1928 жылы құрылды. Аудан аумағы 65,7 мың шаршы километрге тең. Аудан халқының саны 45,5 мың адамды құрады.Ауданда 18 ауылдық әкімшілік, 59 ауылдық елді мекен, 9 кент бар. 1997 жылы Ақадыр ауданымен біріктірілді. Аудан орталығы Ақсу-Аюлы ауылында, Аюлы тауының етегінде, Нұра өзенінің бастауында орналасқан. Шет ауданы Сарыарқаның оңтүстік, оңтүстік батыс аумағының дала белдемінен орын алған.Жері негізінен ұсақ шоқылы, төбелі, белесті,аласа таулы, қырлы келеді.Оңтүстігінде Балқаш көлі, шығысында Қарқаралы тауларының сілімдері, оңтүстік шығысында Қызыларай таулары мен Тоқырауын өзені, Нұра өзенінің бастауы жатыр. Басты өзендері: Шерубай-Нұра, Жақсы,Сарысу,Есен,Талды, Байқасқа, Манақа. Ауданның батысын Бетпақдала, Қызылтау, Ақтау, Ортау таулары тізбесі алып жатыр.Ауданның орта бөлігінде Бұғылы,Тағылы, Қотыр, Қызылтау таулары орналасып,Тектұрмас шоқыларымен аяқталады. Солтүстік Шерубай-Нұра өзені кесіп өтіп, Шерубай-Нұра су қоймасына құяды, жері ұсақ қырқалы, шоқылы, жазық. Солтұстік шығысынан Талды өзені басталып, Наршөккен, Ақбастау шоқыларымен шектеледі. Аталмаш ауданның жер қойнауында мырыш, молибден, вольфрам, темір, алтын, күміс, кадмий, висмут, кварцит, мыс, құрылыс материалдары барланған.Өңірдің кең орындарында облыс көлемінднгі алтынның 1,7 пайызы, молибденнің 27,3 пайызы,  волластаниттің 70 пайызы, мырыштың 20 пайызы, маргенцтің 10 пайызы бар. Жер жүзіндегі бар вольфрамның 30 пайызы Шет ауданың қойнауында қазына болып жатыр. Климты айқын континенттік, қысы ұзақ, суық боранды, қары аз.

Жерінде қара, қызыл, қоңыр, ашық қызыл, қоңыр, сортаң топырақ тараған.Жазық жерлерінде көде, селеу, жусан, кермек, көкпек, тобылғы, қараған, таңқурай, қарақат, бөріқарақат олардың бөктерінде қайың, көктерек өседі.

Аңдардан: арқар,елік,қасқыр, түлкі,қарсақ, борсық, суыр, сасық күзен, қоян, қосаяқ, бозсуыр, байбақ суыр.

Құстардан: бүркіт,қаршыға,лашын,құр,шіл,бөдене,қоңыр қаз,үйрек,дуадақ тағы басқа су, орман құстары мекендейді.

Ауданның негізгі халқының 85 пайызы қазақтар, олардан басқа 4,6 пайызы орыстар тағы басқа ұлт өкілдері бар.Халық сирек қоныстанған. Орташа тығыздығы 1 шаршы км-ге 0,7 адамнан келеді.

Ірі елді мекендері Ақсу-Аюлы селосы,Жарық кенті, Мойынты кенті, Бұрма ауылы, Өспен ауылы, Жұмыскер ауылы, Талды ауылы, Нұраталды ауылы, Кеншоқы ауылы, Босаға ауылы, Красная поляна ауылы, Ақшоқы ауылы.

Ауданда өнеркәсіп орындарынан  «Жаңа- Мырыш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қорғасын мырыш қоспасын өндіреді, «Метал Терминал Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі темір- маргенц өндіреді, «Қароба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі вольфрам өндіреді, «Крамдс-Кварцит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кварцит өндіреді, «Ақадыр АТП» акционерлік қоғамы ірі автокөлік кәсіпорны, «Достық» жауапкершілігі  шектеулі серіктестігі авто жолдар жөндеу бойынша, «Бірлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі теміржолды жөндеу бойынша, Компания «Жол жөндеуші» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі локомотивтерді, вагондардың доңғалақ жұптарын жөндейді. «ЫРЫС-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Таға» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі халыққа қызмет көрсету саласында, «Ақадыр- жылу» жауапкершілікі шектеулі серіктестігі, «Ақадыр- энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Шет-энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кәсіпорындары энергиямен - жылуды  қамтамассыз етеді.

Ауыл шаруашылық құрылымдарының саны 1160. Оның ішінде 14 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 1146 шаруа қожалықтары бар.

Егін шаруашылығының басты саласы- астық дақылдары мен жем-шөп, аздап картоп пен көкеніс егіледі. Аудан аумағында дүниежүзілік даму банкі тарапынан инвестиция тартылып, 2003 жылдан «Қуаң жерлерді игеру» бағдарламасы бойынша 11,6 мың га жерге көпжылдық шөп егілді.

Аудан аумағында «Шолақеспе» шаруа қожалығы жылқының «Мұғалжар» асыл тұқысын, «Ақжол» шаруа қожалығы қойдың «Сарыарқа» тұқымын, «Ернұр» шаруа қожалығы ірі қараның «қазақтың ақбас» асыл тұқымдарын өсірумен шұғылданады. Оқу- ағарту, денсаулық сақтау және мәдениет салалары бойынша 4 балабақша, 59 мектеп, 1 оқу өндірістік комбинаты, 1 кәсіптік мектеп, 2 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі, 4 аурухана, 2 емхана, 18 дәрігерлік амбулатория, 4 ФАП, 8ФП, 28 медициналық пунктері, 28 кітапхана, 1 музей, 26 мәдениет үйлері мен ауыл клубтары бар.

1938 жылдан аудандық «Шет шұғыласы» газеті шығарылады. Аудан мен қоса жасасып келе жатқан газет 1938- 1961 жылдар аралығында «Социалистік табыс» 1961-1992 жылдар аралығында «Ильич туы» болып, 1992 жылдан бастап «Заман», одан кейін «Шет шұғыласы» деген атпен шығарылуда. Аудан аумағындағы Бұғылы мен Тағылы, Нұра, Сарысу өзендерінің бойы тас ғасырынан бері қарайғы дәуірлер айғақтарына толы. Палеолит дәуіріндегі адамдар тұрағы Өгізтау, Үлкен Акмая деген жерлерден табылған. Ол тұрақтардан әр түрлі тас қарулар, оның ішінде тастан жасалған балта, қырғыш бар. Тайатқан, Шұнақ тауларында шоқпар тастардың бетіне қашалып салынған әр түрлі суреттер табылған.

Шет өнірінен, аудан тарихынан мол мағлұмат беретін кітаптар:

1.Шет өнірінің тарихы. /Ж.О.Артықбаев, М.С.Жакин – Қарағанды,1998ж.- 256б

2.Шет өңірі ақындарының антологиясы

3..Шет өнірінің тарихи – мәдени ескерткіштері фотошежіре/ құр. М.С.Жакин- Қарағанды, КарМУ- 2004ж

Шет ауданының жері арқылы Алматы- Астана, Қарағанды- Жезқазған, Қарағанды-Ақтоғай автомобиль жолдары өтеді.


Келулердің саны: 7137