Жоғары

Ардақ Қасымтегі

...

Шымыр да ширақ оралымдар

Ардақпен әңгімелес болуыма оның таланты жәрдемдесті. Балаңызбен қатарлас оның жырларынан ақындық ерекшелігін бірден байқадым. Алғашқы өлеңдерінде ой байқалатын. Өлеңді өзінше жазуға, ізбасты қосақ қалыпты шиырлауға бара бермейтін машығы байқалатын. Ауылда өсіп, дала табиғатын көз алдынан өктізген Ардақ алғашқы жырларында табиғат көріністерін қаз қалпында түсіруге машықтанды. Табиғат суреттерін  сөзбен бергенде де өзінше ой айтуға тырысады.

Бүгін міне ақ таңмен

Күн де шықты мөлдіреп.

Кейбіреу алғаш көргенмен

Біреулер көрер соңғы рет.

Өлеңдегі ой осындай болуға тиісті. Оқырманға алғаш ұсынған жыр кітабы «Найзағай» болатын. Сол кітапта Ардақтың дастаншыл жырларына қанығып, өзіне жылы сөз айтқан едім.

Ардақ Бекжанұлы – өмірдің жарқын тұстарына қалам жүгіртеді. Елдік пен ерлікті жырлайды. Сөз саптасы қарапайым тіркестерден тұрады.

Ұйқас қуалап, ойды ауырлатып жібермейді. Өзінше жырлайды туған жерін.

Ардақ ақын Отаны мен анасын қатар жырға қосады.

Басымды иін гүл түгіл

Тасына да табынам.

Күн түгіл минут көрмесем

Сәбидей жетім жабығам.

Мына жалған өмірде

Анадан артық жан бар ма,

Отаннан ыстық жер бар ма?!

Әрімнің өз туған ауылы – Мысыр шаһары. Ардақ ақын Ақадырын жалықпай жырлайды. Оған енді кеңшілікпен қарайсың.

Өмірде адам болып жаралғанға

Ыстық қой туған өлке бұл жалғанда.

Анадай бөбегін сүйген сүйсінемін,

Ақадыр, күнде өзіңе қарағанда.

Ардақ Бекжанұлы - өлеңді  өзінше жазатын ақын. Нені қағазға түсірсе де, адалдығы  көрініп тұрады. Ізбасты қосақ өлең Ардақта жоққа тән. Өз жүрегінің лүпілімен жан сырын жеткізуге тырысады.

Өмір Кәріпұлы,

жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

(«Пегастың қылы» жыржинағына алғысөзден алынды)

 

 

Асау

Асауды ұстап қыраттан,

Көрмеген жүген туғалы.

Ертеді басып құлақтан,

Бар жылқышы, тұлғалы.

 

Ерге қонды бір жігіт

Арыныңды көрсем деп.

Арналды соған бар үміт,

Құламаса екен деп.

 

Жымиып қос құлағы,

Тулады асау пырағы.

Мөңкігенде бір құлады,

Жігіттің бітіп шыдамы.

 

Қодығын көрген құландай,

Ғайып болды дөң асып.

Ағаш ер ғана құламай,

Үстінде кетті жармасып.

 

Құлаған жігіт жерге қат,

Топырақ өбіп ақ бетін.

Өмір де – бір асау ат,

Бір күні жығып кететін.

 

Жапырақ

Жап-жасыл боп тұратын жаз күнінде

Жапырақтар әйнегімнің түбінде.

Көз алдымда - боз теректе сарғайып

Сиреп олар, құлап жатыр бүгінде.

 

Күздің суық желі қашан тиылған?!

Ал жапырақ: «Ұшырма!» деп сиынған.

Ол аздай-ақ жиі суық жаңбыры

Жүрегіне көк мұз болып құйылған.

 

Міне тағы екі-үшеуі құлады,

Терегімнің жанына мұң тұнады.

Табиғатпен адам егіз әрқашан -

Адамға да сондай күндер туады.

 

Көктем болып әрқашанда жадырап,

Тұра бермес өмір атты атырап.

Ажал деген күздің желі соқса егер,

Адам да – бір шіріп құлар жапырақ.

 

Ақын.Жазушы. Сыншы

... Бірінші адам тілмен алып көктен нұр,

Ойлары да сұлу болып көгілдір.

Халқы сүйіп, «ақын» деген ат беріп,

Жүрегінен төгіліпті өлең-жыр.

 

Деміккен соң ақынменен жарысы,

Болмаған соң ойда ондай жанысы.

Тоқ етерін аш ішекше шұбатар,

Екінші адам - болыпты ол – жазушы.

 

Қуса дағы сөз өнерін құлшына,

Бата берген ой-дарияға тұншыға.

Сондықтан да айла тауып ызадан,

Үшінші адам айналыпты сыншыға...

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Келулердің саны: 3437