Жоғары

Жанқұтты Ботантайұлы

...

        Жанқұтты Ботантайұлы, Жақсы Жанқұтты (1810, Қарағанды облысы Шет ауданы Аюлы тауының баурайы — 1873, Сауд Арабиясы, Мекке қаласы) — шешен, би.

Бала кезінде ауыл молдасынан оқып, мұсылманша сауатын ашады. Кейін әкесі Жанқұттыны Қарқаралы қаласындағы медресеге оқуға береді (1824). Медресені бітіргеннен кейін ел ішіндегі әр түрлі билік, әкімшілік жұмыстарына араласады. Жанқұтты өз заманының әділ биі, от ауызды, орақ тілді шешені Шабанбай бидің батасын алып, тәлім-тәрбиесін көрген. Ол Жанқұттыға былай деп бата берген екен: “Аллаға жағам десең — азанды бол, Ағайынға жағам десең — қазанды бол, халқыңа жағам десең — әділ бол, Судай таза бол, Жердей берік бол, Өмірің ұзақ болсын, Аймағың суат болсын, Сөзің халқыңа қуат болсын!”. Құнанбай, Алшынбай, Құсбек төре сияқты ел жақсыларымен қарым-қатынаста болған Жанқұтты бала Абайдың болашағын болжап, бата берген. Қажылыққа екі рет барған (1850, 1873). Соңғы барғанда Құнанбайдың келесі жылы барайық деген сөзіне: “Келер жылға қарар едім, ажал қарамайды ғой” деп жүріп кетеді. Сол сапарында Меккеде қайтыс болған. Жақсы Жанқұттыты атанған шешен, бидің кейінгі ұрпаққа өсиет етіп қалдырған, үлгі боларлық нақыл сөздері мол. Жанқұттының алғаш жұртқа танылуы Жамантаймен жауаптасуы. Қарқаралыға аға сұлтан болып сайланған Жамантай төре елдің игі жақсыларын жинапты. Жер көріп, танысын деген ниетпен Ботантай Жанқұттыны ертіп келеді, мұны көрген Жамантай: “Бұл қатын-қалаш, бала-шағаның өсек айтатын жері емес, алқалы топтың бас қосатын мәжілісі емес пе, мына бала кім?” депті. Сонда Жанқұттыты: “ұафу етіңіз, кеше келгенде бір үйге қонақ болып дәм ішіп едік, бір ақсақал “еті арық екен” деп тыжырынып отырды, бүгін мені көріп сіз тыжырынып отырсыз! Сонда бұл қалай? Адам алжыса астан шошиды, төре алжыса жастан шошиды деген осы ма? Болмаса, “асыл тастан шығады, ақыл жастан шығады” деген аталы сөзді аттап кеткеніңіз қай сасқандығыңыз?” депті. Жамантай қасындағылардың бірі: “Сөзін қара, болайын деп тұрған бала екен!” дегенде, Жамантай төре: “Болайын деп емес, болып тұрған, төрт құбыласы тең түсіп толып тұрған жас екен, бұдан былай біздің округтің ішіндегі дауға қатысты мәселені осы шешетін болсын”, деп шешім шығарыпты. Жалпы, Жанқұттының айтқан сөздерінен үш түрлі бағыт байқалады: 1) халыққа қамқор болу, сыртқы дұшпандарынан қорғану үшін жасаған іс-әрекеттері; 2) ел бірлігін сақтау, ру арасындағы даулы мәселелерді шешу барысында әділ қазылық жасау; 3) ұрпаққа ұлағатты сөз қалдыру, жастарды тәрбиелеуге айрықша мән беріп, көңіл бөлуі. Жанқұтты туралы деректер Қ.Жұмалиевтің “XVІІІ— XІX ғасырлардағы қазақ әдебиеті” (1967), Б.Адамбаевтың “Халық даналығы” (1984), “Ел аузынан” (1990) еңбектерінде келтірілген.

Жанқұтты Ботантайұлы туралы әңгіме

Жанқұтты он жеті жасында әкесінің айтуымен Сары елінің беделді биі Шабанбайға бата алуға барады. Жанқұттының жасын сұрап білгеннен кейін:

- Шырағым, дүниеде не адал, әлемде не мықты? - деп сұрайды.

Сонда Жанқұтты:

- Адал болсаң, судай бол,

Су арамды кетіреді.

Мықты болсаң жердей бол,

Жер жаһанды көтереді, -

деген екен. Жауабына риза болған Шабанбай би бала Жанқүұттыны бірнеше күн қонақ етіп, кетерінде:

Аллаңа жағам десең, азанды бол,

Ағайынға жағам десең, қазанды бол,

Халқыңа жағам десең, өділ бол.

Судай таза бол,

Жердей берік бол,

Өмірің ұзақ болсын,

Сөзің халқыңа куат болсын! -

деп батасын беріп аттандырған екен.

Жанқұттының өскен ортасы қасиетті Сарыарқаның өнегелі де, тәрбиелі елі болған. Талай өнерпаз, білімдар, парасатты, әруақты ата-бабалар ғұмыр кешкен сол бір аймақтан Қаз дауысты Қазыбек, Шортанбай жырау Қараменде, Сеңкібай, Шабанбай, Жидебай, Жалаңбас, Боранбай тәрізді ділмар шешен билер, не бір батырлар шыққан ғой. Міне, осындай өнегелі халық арасынан тәлім алған Жанқұтты да осал болмаған.

Атақты жырау Шортанбай Кенесары ханның ақылгөй ақыны болса, Жанқұтты оның батыр сарбазы оң жағында отыратын кеңесші бас биі екен. Сол бір ұлт-азаттық қозғалыстың жорық, шайқасына талай қатысып ел азаттығы үшін, үрім-бұтақ болашағы үшін күрескен азамат Жанқұтты бидің бұл саладағы атқарған қызметі, билік, кесім, шешендік сөздері кезінде хатқа түспеген. Ауызша айтылып жүрген нұсқалары ұмытыла бастаған.

Кезінде Шабанбай биден бата алған Жанқұтты шешен жайлы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мынадай дерек жазып қалдырған "Құлжаннан Айдабол, Амантай, Дәріпсөлі, Маман, Шуаш. Шуаштан, Ботантай, Айбада, Ботантайдан Жанқұтты. Бұл Жанқұтты Мұса, Секербай заманында ауызға ілігіп, көзге түскен қазақ жақсыларының касқа маңдайы болған. Бірі ескі заң, бірі - жаңа заң, Бұл Жанқұтты жаңа заңды көрген жок, ескі заңды қажыға барып қалып, басына тас орнаттырып, тасына жаздырған: "Қазақ, Арғын, Сарым руынан Жанқұтты Ботантайұлы. Мекке мен Мединені көрмеген кісі анадан тудым, жалған дүниенің жүзіне келмедім десе де болар", депті. Онан бұрын әулиелерді зиярат қыла Алатау, Қаратауға барған. Үйсін Төле бидің қасында отырып, билік айтып, төре берген төбесін көремін деп барғанда, Алатау Қаратаудың пәлен қалай, түген қалай деп сұрағандарына айтқан: "Тобықты Құнанбай шыңның басынан шыққан қайнар бұлақ, қыпшақ Ыбырай қажымас қара болат, Мұса қабыршағы колға тұрмас жылмағай қара балық, Шыңғыс төре мұсылманға суық, орысқа жуық". Бұл сөздерді Көктіңұлы Сапақтың бел баласы Иманберді датқаға сөйлеген. Тобықты Құнанбай, қыпшақ Ыбырай, Төртуыл Мұса осы үшеуі қазақтың маңдайына нағып сыйып жүргеніне айран-асырмын, деген Жанқұтты". Қазақтың ауыз әдебиеті нұсқаларын тынымсыз жинап, артына ұлан-асыр мұра қалдырған Мәшһүр Жүсіптен келтіріліп отырған бұл үзіндіден ең алдымен Жанқұтты бидің шыққан тегі, арғы ата-бабалары туралы мәлімет алсақ, екіншіден оның қасиетті Меккеге бір емес, екі рет барып Қажы аталғанын, Құнанбай, Ыбырай, Мұса және Шоқанның атасы Шыңғысқа берген жоғары батасын аңғарамыз.

Жанқұтты Ботантайұлы туралы әңгіме

Бірде Жанқұтты шешен аға сұлтан Құнанбайдың үйінде отырғанда оған Абай келіп сәлем береді. Ол кезде Абайдың жас, үйленбеген шағы екен. Абайдың тапқырлығын, өлең шығаратындығын естіп жүрген шешен би аланы қасына отырғызып оған бірнеше сұрақ қояды:

- Шырағым, дүние неге сүйенеді?

Абай:

- Дүние үмітке сүйенеді.

Жанқұтты:

- Көздің көрмесі бола ма?

Абай:

- Көз қабағын көрмейді.

Жанқұтты:

- Шам жарығының түспесі бола ма?

Абай:

- Шам жарығы түбіне түспейді.

Жанқұтты:

- Болат пышақтың кеспесі бола ма?

Абай:

- Болат пышақ өз сабын өзі кеспейді.

Жанқұтты:

- Тамағына тартпайтын махлұқат бола ма?

Абай:

- Өз тамағына тартпайтын махлұқат болмайды.

Абай жауабына риза болған шешен оған өлең түрінде жауап беруін сұрапты. Сонда Абай:

- Сіз сұңқар самғай ұшқан қиядағы,

Талпынған мен балапан ұядағы.

Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем,

Дүниенің жалғыз үміт тиянағы.

Көз көруі жетпейді қабағына,

Шам жарығы түспейді табанына,

Өз сабын болат пышақ өзі кеспес,

Мақлұкат тарпай қоймас тамағына,

- депті.

Ет желініп, қымыз ішілгеннен кейін Абай:

- Ата, сізден сұрақ сүрауға бола ма? - дейді.

- Е, шырағым, сұрай ғой, - депті Жанқұтты.

- Ата, арзан не, қымбат не,даусыз не? - депті Абай. Жанқұтты:

- Шырағым, арзан - өтірік, қымбат - шындық, дауасыз - кәрілік емес пе? Жанарың отты екен - ақындығың, маңдайың жазық екен - ойлылығың шығар, халкыңның қалаулы азаматы бол! - деп батасын беріпті.

Жанқұтты Ботантайұлы туралы әңгіме

Бірде Құнанбай, Алшынбай, Мұса үшеуі бірігіп, ел арасында даулы мәселелер көбейіп кетті, барымта жиі қайталанатын болды деген себептіі желеу етіп, ел жинап, мәслихат өткізбек болады. Дуанбасылар шақыртқан соң халық жиылады. Халықтың бас-аяғы түгел жиналып болғанымен дуанбасылар келе қоймайды. Шілденің аптап ыстығында халық бірнеше күн тосып қалады. Ел арасынан реніш сөздер шыға бастайды. Соны сезген Жанқұтты шешен халықты дуанбасылар келмейтін болды деп таратып жіберіп, өзі үшеуінің алдынан шығады. Алшынбай тұрып:

- Е, Жанқұтты, халық, жиналды ма? - депті.

- Халық жиналмақ түгіл жиылыс бітіп қойды. Сіздер кешікеннен кейін сырқаттанып қалды ма - деп, жиылыста қаралатын төрт мәселенің біріне өзім билік айтып, үшеуін үшеуіңізге қалдырып, кейін бір кезі келгенде айтар деп халықты таратып жібердім, - депті Жанқұтты.

- Оның да дұрыс болтан екен, бізге қайсысын қалдырдың? - депті Алшынбай. Сонда Жанқұтты тұрып:

- Мұсажан, астық дауын саған қалдырдым, Алшеке, тақыр жердің билігін саған қалдырдым, Құнанбай актобық аттың билігін саған қалдырдым, - деген екен.

Жанқұтты Ботантайұлы туралы әңгіме

Шешеннің қартайған шағында ел арасында даулы мәселе болып, соны шешу үшін билік айтуға жастар арасынан адам шыға қоймайды. Соған қынжылған Жанқұтты би:

- Қарағайға қарсы бұтақ біткенше, еменге иір бұтақ бітсейші, бір атадан алты жаман туғанша, алты атадан бір жақсы тусайшы, елге тұлға болатын, - деген нақыл сөз айтыпты.

Жанқұттының жыр үлгісінде айтқан накылдары:

Бір сөз айтсаң жақсыға,

Аталы сөзге тоқтайды.

Бір сөз айтсаң жаманға,

Өмірінде ұқпайды.

Надандықтың белгісі,

Өзін-өзі мақтайды.

Көкірегі соқырға,

Өмірде таң атпайды.

Шешеннің сөзі дария,

Қап түбінде жатпайды.

Тон бітпеске тон бітсе,

Қағуменен тоздырады.

Жаман болса алғаны.

Ер жігітті аздырады.

Жақсыменен сөйлессең,

Құмарыңды қандырады.

Жаманменен сөйлессең,

Көңіліңді қалдырады.

Кез болсаңыз суайтқа,

Өтірік айтып нандырады.

Өсекшімен сөйлессең,

Ұрмай-соқпай талдырады.

Жолдас болсаң сар.- аңмен, 

Жол үстінде қалдырады

Жаман болса достарың,

Өзін жауға алдырады.

Жаман болса - жақын жау,

Шайпау болса - қатын жау,

Шабан болса - атың жау,

Тартыншақ болса - түйең жау,

Тебеген болса - биең жау.

Күнде келсе - күйеу жау,

Жымысқы болса - жиен жау,

Тіл алмаса - ұлың жау,

Арсыз болса - қызың жау.

Әйелің жақсы болса -

қонағың мен үйіңнің тұрағы,

Балаң жақсы болса -

екі көздің шамшырағы.

Атың шабан болса -

бұл жалғанның азабы,

Әйелің жаман болса -

дүниенің дозағы.

Балаң жаман болса -

көрінгеннің мазағы. 

Жанқұтты Ботантайұлы туралы әңгіме

- Не жетім? - деген сұраққа Жанқұтты:

Ел қонбаса жер жетім.

Құс қонбаса көл жетім

Кемпірі жоқ шал жетім,

Иесі жоқ мал жетім,

Соқыр болса көз жетім,

Тындалмаған сөз жетім,

Тыңдаушысыз дана жетім,

Ата-анасыз бала жетім,

Қағазсыз қалам жетім

Ақылсыз адам жетім, -

деп термелеген екен.

Жанқұтты шешеннің осындай ақыл, нақыл, шешен сөзі үшін оны ел құрметтеп "Ақылды ата", "Жақсы Жанқұтты" деп кеткен. Жанқұтты 63 жасында қайтыс болған. Шешен жөнінде академик Қ. Жұмалиев өзінің "XVIII-XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті" деген еңбегінде және зерттеуші ақын Жеңіс Қашқынов бірқатар деректеме мақалалар жазды.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

Шет ауданы. Энциклопедия. - Алматы: ҚАЗақпарат, 2013.- 37-39 б.

 

Мерзімді басылым беттерінде:

Амандықұлы, Т. Баба рухымен сырласу [Мәтін] / Т.Амандықұлы // Заман.- Ақсу-Аюлы, 1999.- 1 қаңтар (№1).- 3 б.

Жүністегі, К. Жақсы Жанқұтты [Мәтін] / К.Жүністегі // Орталық Қазақстан.- Қарағанды, 1998.- 31 қаңтар (№15).- 6 б.

 

Ол туралы:

Сарыарқа саңлақтары. Жақсы Жанқұтты. Қарағанды: Болашақ-Баспа, 1999-152 б.

 


Келулердің саны: 1403