Жоғары

Байзақов Ботай

...

Байзақов Ботай 1922 жылғы 23 ақпанда Қарағанды облысы қазіргі Бұқар жырау ауданының Энгельс атындағы шаруашылығы аумағындағы, шаруа отбасында дүниеге келген. Байзақов Ботай Қарағанды қаласындағы Жамбыл орта мектебінде оқып, бес сыныптық білім алады. Еңбек жолын Шет ауданының «Нұраталды» совхозында жұмыскер болып бастайды.

1942 жылдың 25 маусымында Шет ауданының әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылады. Осы күннен бастап Байзақов үшін әскери өмір басталады. Ботай Байзақов алғашқы соғыс қимылдарына барлаушы ретінде Москваның Оңтүстік батысындағы аудандарда қатысады. 286 – шы атқыштар дивизиясының 860 полкінде пулеметші, бронь талқандаушы (РПТР бағыттаушысы) және атқыштар бөлімінің командирі болады. Соғыста батырлық пен батылдық танытып, қандай тапсырма болсын жанқиярлықпен орындап, көзге түсті. Белорус майданында, Друть өзенінен өту кезінде көрсеткен ерлігі үшін 1943 жылы III дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды, ал 220 биіктік үшін болған соғыстағы ерлігі үшін II дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Соғыстағы ерліктері үшін ол «Қызыл Жұлдыз» орденімен, I дәрежелі Отан соғысы орденімен, бірнеше медальдармен наградталған. Сұрапыл соғыс уақытында Ботай Байзақовқа III дәрежелі Даңқ ордені екі мәртебе берілген. Негізінде, Даңқ орденінің статусы бойынша ең алдымен үшінші, екінші, соңында бірінші дәрежелі орден тапсырылуы керек еді. Бұл қателік 39 жылдан соң түзетіліп, Ботай Байзақовқа 1984 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығы бойынша I дәрежелі Даңқ Ордені табыс етіледі. Ол орден Германия жеріндегі танктерді жойғаны үшін берілді. Осылайша Ботай Байзақов Даңқ орденінің толық иегері атанды.

Қаһарман жауынгер 1946 жылы әскер қатарынан босаған соң еліне, «Нұраталды» шаруашылығына оралып, өмірінің ақырына дейін осында тұрды. Зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбек етті. Батыр құрметіне Нұраталды ауылында бір көше Ботай Байзақов көшесі деп аталады. Ботай Байзақов 1995 жылдың 22 тамызында қайтыс болды. Нұраталды ауылдық округінде, Шопа селосында жерленген.

Ерлігі ел есінде (презентация)

Әдебиеттер тізімі:

  1. Салауатов, Т. Байзақов – Даңқ орденінің толық иегері [Мәтін] / Т. Салауатов // Орталық Қазақстан.- Қарағанды, 2005.- 17 қыркүйек (№155).- 3 б.
  2. Шет ауданы [Мәтін] : энциклопедия / ред. Ә. Оспан. - Алматы : ҚазАқпарат, 2013. – 120-121 б. 
  3. Байзаков Ботай [Текст] : [К 70-летию Победы] // Индустриальная Караганда.- 2014 .- 23 августа (№147-148).- С.3
  4. Солдаты Победы. Карагандинцы в годы Великой Отечественной войны 1941-1945 гг. [Текст] : 70 летию Великой Победы посвящается / Карагандинский областной совет ветеранов.- Караганда: Карагандинская Полиграфия, 2015.- С.423

Мерзімді басылымдар:

Индустриальная Караганда. - 2014. - 23 авг. (№ 147/148). - С. 3.

Орталық Қазақстан.- 2005.- 17 қыркүйек (№155).-3 б.


Келулердің саны: 74