Жоғары

ТОЛАҒАЙ әдеби танымдық газеті

 

                                                                                    Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі                                                                                                                                     Ахмет Байтұрсынов

 

 

Шет ауданы аумағында тарайтын «Толағай» әдеби танымдық газеті

Көшпелі елдің көшелі жұрты мыңдаған жылдар бойы мекен еткен тұғырлы өлкеміздің рухани мұрасы мол, шертілмей келген шежіресі, байқалмай жатқан байлығы баршылық.

2009 жылдың қаңтар айынан бастап әдеби-танымдық “Толағай” басылымы бастау көзін осынау мол мұрадан алып, ұрпақ кәдесіне жаратуды алдына мақсат етіп қойып, аудан көлеміне сол жылдың қаңтар айынан бастап таралып келеді. Газеттің меншік иесі әрі демеушісі Садуақасов Мейрам Дәулетбекұлы және сол жылдарғы редакторы Әбдібеков Серғазы Қабылдаұлы қолға алған басылым бүгінгі күнге дейін үзбей шығып келеді. Бүгінде газет редакторы Салтанат Тұяқбайқызы Жосалбай.

Елі - ерен, жері - кенен Шет өңірі шежіреге толы өңір. Ауданымыздың арғы-бергі тарихын, өнерлі өрендерін, аймаңдай ұл-қыздарын жас жеткіншектерге кеңінен таныстыра насихаттай отырып, бағыт-бағдар сілтеуге ниет қылған басылым. Әдеби-танымдық басылымның көлемі шағын болса да алдына қойған мақсаты үлкен. Оқырман көңіліне алау жақсақ, жас ұрпақтың жүрегіне жалау тақсақ деген ниетпен жақсылыққа талпынып, өздеріңізге алқынып жеткен сондай жайы бар.

Ықыласы - ырысты, бейілі - берекелі елдің болашағы - жас ұрпақ. Руханиятымызды байыта түсу, мәдениетіміз бен әдебиетімізді, ауданымыздың тарихына қатысты айтылмай жүрген әпсаналарды кеңінен қамти насихаттап, ұрпақ зердесіне сіңіруді алдына міндет етіп қойған.

Дәуірлік дымы кеппеген жаңа үрдістер жүріп жатқан кезеңде жаңалықтың жаршысындай болып оқырманына  жол тартқан әдеби-танымдық “Толағай” басылымына алғашқылардың бірі болып сол кездегі аудан әкімі Қайыржан Кәрімұлы Тілеубергенов, күйші Дәулетбек Садуақаұлы, еңбек ардагері Өкен Жуасбайұлы сәттілік тілеп, айтулы азаматтарымыздың еңбегі мен өмірі жайлы да кеңінен толғап жазылса, салт-дәстүр, ұлттық үрдістеріміз де қамтылса, арқа өңірі, оның ішінде Шет ауданының арғы-бергі тарихында жас ұрпаққа үлгі тұтар өнер иелері баршылық, сонымен қатар, басылым шертпе күйдің шырқау шыңындай болған дәулескер күйшілерді қалыптастырған ортаның көпшілікке жетпей жатқан жақтарын жарияласа деген ұсыныстарын білдіріп, уақыттың күрделілігіне қарамай, жүрексінуге көп ерік бермей іс бастаған шығармашылық топқа табыс тілеген.

Олай болса аудан өміріне үлес қоссақ деген жақсы ниетке әрмен көз, бермен қабақ танытайық, ағайын.

Мейрам Дәулетбекұлы.

 

 

  Серғазы Қабылдаұлы,  журналист. «Толағай» газетінің алғашқы редакторы, «Шет шұғыласы» газетінің 2007-2013 жылдарғы редакторы, ақын, бірнеше кітабы жарық көрген.

 

 

 

 

 

 

 

 

Сәдуақасов Мейрам Дәулетбекұлы 1965 жылы 7 қарашада Шет ауданында туған. Кәсіпкер. Баспагер, газет шығарушы және ЖШС-і құрылтайшысы.

Аудандық “Шет шұғыласы” газеті редакциясының баспаханасында 1998 жылдан слесарь, маман, бас маман болып еңбек етіп, 2013 жылдың маусым айынан бастап газеттің жауапты хатшысы, 2016 жылдың ақпан айынан газеттің директор-редакторы болып қызмет атқарып келеді. Аудандық газеттің сапалы шығуына жауапкершілікпен қарайтын, өз ісінің майталман шебері ретінде әріптестері арасында зор құрметке ие. Оның бастамасымен түрлі-түсті фотосуреттер, грамоталар, алғыс, құттықтау хаттар дайындалады. Аудан көлемінде тарайтын  әдеби-танымдық, айына бір рет шығатын жаңа басылым “Толағай” газетінің меншік иесі әрі демеушісі. Жас оқырмандар жылы қабылдаған “Толағай” газеті 2009 жылдан бастап, үзбей  шығып келеді.

Аудан әкімінің “Құрмет грамотасымен”, (2006, 2010) Алғыс хатымен бірнеше рет  марапатталған. «Үздік тілші» номинациясының иегері. (2014).

 

Жосалбай Салтанат Тұяқбайқызы 1965 жылы желтоқсан айында Шет ауданында дүниеге келген.  Мектеп қабырғасында жүргенде баспасөзбен жиі қатынаста болды. 

Бұрынғы “Ильич туы”, “Заман”, қазіргі “Шет шұғыласы” газетінде  тілші болып ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келеді.

Баспасөз саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі орынды бағаланып, аудан әкімінің Құрмет грамотасы (2006), “Нұр Отан” партиясы Қарағанды облыстық филиалының Алғыс хатымен (2011, 2015), “Шет шұғыласы” газетінің Алғыс хатымен (2006) Құттықтау хатымен (2011) марапатталған.

Көптеген мақалалары, әсіресе ауыл өмірінен жазылған материалдары газет бетінде жарық көрді. Қосымша аудан көлемінде тарайтын мектеп оқушыларына арналған «Толағай» әдеби-танымдық газетінің редакторы және 2016 жылдың ақпан айынан бастап «Шет шұғыласы» газетінің жауапты хатшысы болып еңбек етеді.

 

 


Келулердің саны: 5473