Жоғары

Абу Ханифа ғалымның өмірбаяны

Сұрақ

Қойды: Нуршат | 09.07.2019 17:30

Сіздерден ғалым Абу Ханифаның өмірбаяны керек еді.Рахмет.

Жауап

Сәлеметсіз бе, Нуршат. Сіздің сұранысыңыз бойынша Абу Ханифа ғалымның өмірбаянын  және Абу Ханифа туралы кітапхана қорындағы әдебиеттер тізімі және қосымша мәліметтерді төмендегі сілтемеден алуға болады, осы мәлімет сіздің электронды поштаңызға жіберілді.

Абу Ханифа

(Ғалым өмірбаяны)

Әбу Ханифа һижри жыл санауы бойынша 80 жылы (милади 699 жылы) Куфа қаласында Омеядтар (Әмәуи) халифасы Абдул Мәлік ибн Маруанның халифалық тұсында дүниеге келген. Ата-бабасы Кабулдан қоныс аударған. Өмірінің елу екі жылын Әмауилер кезеңінде, ал қалған он сегіз жылын Аббасидтер кезеңінде өткізді.

Әбу Ханифаның әкесінің аты – Сәбит, атасының есімі – Зәута. Әбу Ханифаның ұлтын араб, набатей, түркі, т.б. дегендер кездескенімен, Әбу Захра оның дәулетті парсы әулетінен шықты деген көзқарасты көпшілік ғалымдар қолдайтынын айтады. Атасы Зәута Вавилонда туылған. Бір риуаят бойынша, арабтар ол жерлерді қол астына алғанда атасы тұтқынға түсіп, Тайм ұрпағынан Сағләбәның немесе Бәкірдің ұрпағы Уәйлдің құлы болып, кейіннен азат етілген десе, екінші бір риуаятта оның ата-бабаларының ешқашан құл болмағандығы айтылған.

Имам Әбу Ханифа мәуәли ғалымдары санатынан. Осы мәуәли ұғымына келсек, ол араб тіліндегі сөздікте «Қорғаушы, көмекші, ие, дос, азат етуші қожайын, азат етілген құл» деген мағыналарды береді. Ал термин ретінде ол – өз еркімен Исламды қабылдаған ұлты араб емес мұсылмандарға берілген атау. Ал олар екі топқа бөлінеді. Алғашқысы соғыста тұтқынға түсіп құл болған, кейін иесі азат еткен мәуәлиул-итақа, екіншісі – жаулап алынған елдердің арасында тұтқынға түскенімен құл болмаған, араб тайпаларының біреуімен келісіп, қоғамда беделін сақтау үшін күшті рулармен келісімге келіп, паналаған араб емес мұсылмандар. Оларды «Мәуәлиул-Ислам, мәуәлиул-муалат, мәуәлиул-ахд» деп атаған. Сондықтан, Әбу Ханифаның немересінің ант іше отырып, аталарының құл болмағандығын айтқанын ескерсек, Әбу Ханифаның әкесінің осы екінші топ мәулиден шыққанын айтуға негіз бар секілді. Әбу Ханифаның арғы атасы Мәрзубан (Мах) дәулетті кісі болған. Өйткені, мәрзубан – парсы тілінен аударғанда бай деген мағынаны білдіретін лақаб ат, әрі Пәхләуйлар мен Сасанидтер кезеңінде мәрзубан деген атақ аймақ басшыларына берілген атау.

Қалай дегенде де, атасының тұтқындалып, құл болуы ұзаққа созылмаған. Мұсылмандықты қабылдап, азаттығын алғаннан кейін аз уақыттың ішінде бұрынғы дәулеті мен беделіне қол жеткізген. Бұны атасы Зәутаның Куфада төртінші халифа хазірет Алимен (р.а.) жолығып, Наурыз мейрамында оған мухаллаба (тәтті) сыйлағанынан байқаймыз. Өйткені, ол кездері халифаға тек байлар ғана мухаллаба сыйлай алатын еді.

Осы жиында хазірет Али (р.а.) Зәутаның қасындағы баласы Сәбитке ізгі ұрпақ нәсіп болуын тілеп, «Аллаһ тағала балаңызға және оның болашақ ұрпақтарына мол береке берсін!» деп дұға қылған. Имам Ағзамның немересі Исмаил ибн Хаммад «Біз осы дұғаның қабыл болғанына сенеміз», – дейді. Шын мәнінде, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ұрпағын жалғастырған ілім дариясы хазірет Алидің дұғасы орындалып, барша мұсылман үмбетіне ізгі іс қалдырған Әбу Ханифа дүниеге келді. Бәлкім, Әбу Ханифаның Пайғамбар ұрпақтарына деген терең сүйіспеншілігінің астарында да осы дұға жатқан болар, кім білсін. 

Айта кететін жайт, атасы құл болсын, болмасын, Әбу Ханифаның өзі азат әкеден азат болып туылған. Атасының құл болып-болмауы оның білім денгейіне, абырой мен сый-құрметіне, тақуалығына көлеңкесін түсіре алмайды. Ол адамзат алдындағы мәртебе абыройға дәулеті немесе араб болмағанынан емес, қайта болмысындағы парасаттылық, тақуалық және ақылдылығының арқасында қол жеткізген.

Әдебиеттер тізімі:

Ағзам Әбу- Ханифа (имам) Әл-фиқһул әкбар (Ең үлкен фикһ) [Мәтін] / Ағзам Әбу-Ханифа (имам).- Алматы: Баспалар үйі, 2014.- 48 б.

 Ислам [Мәтін] : энциклопедиялық анықтамалық: А-Я / Қазақстан Респбуликасы Байланыс және ақпарат министрлігі ; құраст.: Б. Аяған, Ж. Ибрагимов, Ж. Абдраманов. - Алматы : Аруна, 2010. – 591 б.

Адильбаев, А. Абу Ханифа и ханафитский мазхаб [Текст] / А. Адильбаев, Ш. Адильбаева. - Алматы : Көкжиек, 2014. – С. 443

https://adebiportal.kz/kz/authors/view/2292