"KITAP TIME - 2023" ІІ ЖАЛПЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КІТАП ФЕСТИВАЛІ!
-
Күні: 18:09:23
-
Оқиға орны: Жангутты би 39
Шет аудандық орталық кітапханада "Kitap time - 2023" ІІ жалпы республикалық кітап фестивалі өтті.
Бұқара қауымға қазыналы кітаптарды насихаттауға арналған фестивалге аудандық орталық кітапхана ұжымы да қалыс қалмады. "Кітап - асыл қазына" тақырыбында аудандық мәдениет үйінің фойесінде өткен іс - шара бірнеше бөлімнен тұрып, кітапхана қызметкерлері әзірлеген түрлі жаңашыл бағыттағы инсталяциялық көрмелер мен қызықты ойындар оқырман қауымға ұсынылды. Шара шымылдығын кітапхана директорының орынбасары Р.Досанқызы құттықтау лебізімен ашып, білім беру саласының ардагер ұстазы, кітапхананың тұрақты оқырманы М.Абдрахманова жылы лебізін жеткізіп, жиылған жұртшылыққа өзінің оқыған көркем әдебиеттерімен бөлісті. Сондай - ақ, "Кітапханаға кітап сыйла" акциясы аясында аудандық "Шет Шұғыласы" газетінің бас редакторы М.Сәдуақасов кітапхана қорына белгілі жазушы, жерлесіміз С.Сматаевтың көптомдық шығармаларын сыйға тартты. Өз кезегінде кітапхана директоры М.Нурпеисова кітап тарту еткен басылым редакторына алғысын жеткізіп, жуық аралықта жерлес ақын Марат Шәйкенің және өлкетанушы Ж.Мағзиевтің кітаптарын ұрпақтары кітапханаға сыйға бергендігін атап өтті. Осыдан кейін, библиография бөлімі "Әдеби дартс" ойының ойнатып, жаңа түскен әдебиеттерге шолу жасады. Сонымен бірге, аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы тірек мектебінің 8 "А" сынып оқушылары "Поэзия жампозы" атты жыр марафонына қатысып, отты өлеңдерімен бөліссе, әдістемелік бөлім кітапханашылары "Кемпірқосақ", оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі "Бізден сұрақ, сізден жауап" атты ойындарын өткізіп, оған оқырмандар белсене қатысты. Ал, аудандық балалар кітапханасы дайындаған "Ертегілер ізімен" атты әуенді ойын мен кітапхана қызметкері Д.Молдабековтың орындауындағы әсем әндер көпшілікке көтеріңкі көңіл - күй сыйлады.