Бүгінде құшақ-құшақ гүл мен сырлы сезімге толы 8 наурыз атты мерейлі мерекенің түбінде нәзік жанды қауымның өз үні мен еселі еңбегі, қайсарлығы мен қажырлы күресі жатыр. Әсілі, әйелдер қауымы әу бастан ер адамнан бір саты төмен жаратылған деседі. Оған сан-саққа жүгірген аңыз бен қатталған қалың тарих куә. Қазақстанда 8 наурыз - халықаралық әйелдер күні ретінде мерекеленіп, бұл күні аналар мен арулар ыстық лебізге кенеліп, көктеммен бірге құлпыра түседі. Осындай көктем мерекесіне орай Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Ана сенің мейіріміңдей мейірім жоқ...» атты көгілдір от кеші өтті. Көгілдір от кешіне арнайы ауылымыздағы көп балалы аналармен бірге кітапхананың тұрақты оқырман аналарымыз қатысты.
Мерекелік шараны кітапхананың өнерпаз қызметкерлері Жолдыбекова Динамен Ермекбаева Гүлнұр жүргізді. Іс- шара барысында аудандық орталық кітапхананың директоры Нұрпейісова Мейрамкүл Сансызбайқызы келген қонақтарды 8 наурыз мерекесімен құттықтап, өзінің ізгі тілегімен аналарымызға естелік ретінде сый-сияпат табыстады. Мерекелік кешімізде аяулы, асыл аналарымыз ақ тілектерін білдірді. Мерекеге орай дайындаған Ғ.Мүсіреповтың «Ұлпан» романынан үзінді, «Ұлы даланың, Ұлы ханымдары» атты видео слайд көрсетілді. Іс – шара арасында қызықты викториналық ойындар ойнатылды. Кітапхана қызметкерлерінің орындауында әсем әуендер кешімізді гүлдендіре түсті. Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткен аналарымыз қашанда ел назарында болмақ...
Келулердің саны: 3027