Жоғары

Дәулет Ырысбайұлы (1964-2006)

...

 Д.Ырысбайұлы 1964 жылы қарашаның 14-ші жұлдызында Қарағанды облысы, Шет ауданы, Кеншоқы ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Нұра орта мектебіне 1-сыныпқа қабылданады. 1982 жылы мектепті аяқтап, 1983 жылы көктемде әскерге алынады. Украинаның Запорожье қаласында Отан алдындағы әскери міндетін атқарады.

Әскери борышын өтегеннен кейін, Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Студенттік шақтағы шығармашылығын шыңдауға зиялы ортаның әсері де тиеді. Студент кезінде өнерге құлшыныс білдіріп, өлеңдерін оқып, мүшайраларға қатысуымен қатар айтыстардан айтулы салдарымен де көріне біледі. Осы оқудың жанынан құрылған «Балауса» орталығында ақындық өнерін шыңдай түседі. Ең алғашқы еңбек жолын мектепте ұстаздық етумен бастап, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде, телерадиокомпанияда қызмет атқарады. 1988 жылы Мереке атты жарымен шаңырақ көтереді. «Азия Транзит» газетінің 1999 жылғы 16-желтоқсанда «Ғасырмен Жердің мұң-зарын тыңда, Адамзат!» тақырыбымен өлеңдер жинағы жарық көреді. 2002 жылғы 6-маусымда «Жұлдыз» журналына «Ару күндер бара жатыр аяңдап...» атты өлеңдерінің топтамасы басылып шықты. «Орталық Қазақстан» газетіне 2002 жылы 22-мамырда өлеңдері оқырмандардың қолына тиді. Соңғыларының бірі болып «Үміткер» газетінде 2005 жылдың 20-қаңтарында «Жаныма дос бол ғалам» тақырыбымен поэзиясы паш етілді. Соңғы өлеңдер жинағы 2006 жылы наурыз айында «Орталық Қазақстан» газетіне шықты.                                                   

Өлеңдері «Шет өңірі ақындарының антологиясында», Қ.Аманжоловтың 90 жылдығына орай шыққан 4 томдық жинаққа енген. 2000 жылы «Ғұмырымның тамшысы» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. 2005 жылы «Нұр» кітабы да жыр сүйер қауымның жанынан орын тапты. Ақындығымен қатар аудармашылық, журналистік қабілеттері де өз белестерінен көрінді. Композиторлық еңбектерін «Қарағанды жастары», «Достарым», «Нұраның нұры», «Сен деп соққан жүрегім» (әні: Ерслан Жақыпханов), «Өзің» (әні: Қалиасқар Шыныбектегі), «Жалын-Жаным» (әні: Сайраш Орақбаева), «Туған жер» (әні: Қайрат Мұстафин) ел аузына таралды. Жамағаттың жүрегінен орын алған «Қарағанды вальсі» (әні: Д.Ырысбайұлы) көпшіліктің сүйікті әніне айналды. Драматургиясына тоқталсақ Арқаның айбынды ардақтысы Мәди Бапиұлына арналған «Азаттықты аңсаған ақиық» драматургиялық қойылымы мен «Құмырадағы махаббат» сахналық көрінісі елді елең еткізді. Сонымен қатар, әзілді де сәнге айналдырып жүретін ақынның біршама әзіл әңгімелерін Қарағанды қаласында құрылған «Қисық театр» әзіл-сықақ отауының қойылымдарынан тамашалауға болады. Ақиық ақын соңғы рет «Нұр» кітабы шыққан соң туған топырағына ат басын тіреп, Ақсу-Аюлы ауданында 2005 жылы 7-шілдеде шығармашылық кешін өткізді. 2006 жылы шыққан Керней шежіресінде өнер, мәдениет қайраткерлері қатарынан орын берді. Д.Ырысбайұлы 2006 жылы наурыз айының 13-ші жұлдызында 42 жасында өмірден өтті. Артында жары, екі қызы, бір ұлы және өлеңдері мен елі сүйіп тыңдайтын әндері қалды.

Ырысбайұлы, Д.  Ғұмырымның тамшысы [Мәтін] : өлеңдер жинағы / Д. Ырысбайұлы. - Қарағанды: Болашақ-Баспа, 2000. - 100 б.

Дәулет Ырысбайұлы. НҰР: Өлеңдер, драмалық поэма. – Қарағанды: Болашақ-Баспа, 2005. – 200 б.

 Мерзімді басылымдар беттерінде:

Шалқар,Ж Қара Дәулеттің қара өлеңі [Мәтін] /Ж.Шалқар //Орталық Қазақстан,2021.-14 қаңтар (№4).-8 б.


Келулердің саны: 7940