Жоғары

Ахметова Гүлшара Қамиқызы

Өнегелі өмір иесі

 

   Ахметова Гүлшара Қамиқызы – Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері», «Еңбек ардагері» белгілерінің иегері.

   Ахметова Гүлшара Қамиқызы 1957 жылдың қазан айының 19 жұлдызында Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақбауыр ауылында туған. Білімі – жоғары. Жалпы еңбек өтілі – 43 жыл.1964 жылы ауылдық мектептің бірінші сыныбына барып, 1974 жылы Нұраталды орта мектебін бітіріп, еңбек жолын аудандық мәдениет бөліміне қарасты ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі қызметінен бастаған.

   Гүлшара Қамиқызы 1975-1978 жылдары Сәтбаев қаласындағы Жезқазған облыстық мәдени ағарту училищесінің «Мәдени – сауық жұмыстарын ұйымдастырушысы», «Хор дирижері» факультетін бітірген.Үздік студент, училищенің өміріне белсене қатысушы, ұйымдастырушы ретінде 1977 жылы оқу орнынан партия қатарына қабылданған.

   Диплом алысымен арнайы жолдамамен Шет ауданының мәдениет бөліміне келіп, аудандық мәдениет үйіне инструктор болып орналасады. Қызметтен қол үзбей жүріп, жоғары оқу орны – Жезқазған педагогикалық университетінің «филология» факультетіне оқуға түсіп, «филолог» мамандығын алады.

   Осы салада біраз жыл еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған жас маманды аудандық партия комитетінің нұсқауымен Балалар үйінің директоры (Дом пионеров и школьников), 1984-1989 жылдары аудандық киножүйесінің директоры қызметтерін атқарып, 1989 жылдан – 2009 жылға дейін Шет ауданының мәдениет саласын 20 жыл басқарады, 2009 жылдан 2018 жыл аралығында орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директорының орынбасары, аудандық балалар кітапханасының директоры қызметтерін атқарды.

20 жылдай ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы қызметін атқарған кезде ауданның мәдениет ошақтары мен кітапхана жүйесін дамытуға, оның ішінде бірнеше ауылдық кітапханаларға «Жаңа үлгідегі кітапхана», «Жаңа үлгідегі мәдениет үйі» атануына зор үлес қосып, барлық қажыр-қайраты білімі мен күш-жігерін салып, ауданның қоғамдық – мәдениет саласының дамуына атсалысады.

Гүлшара Қамиқызы жас кезінен өнерге құштар, ұлттық аспаптарда ойнауды ұнататын, ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, еңбек етіп жүрген кезінде де әрдайым қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан.

Еңбек еткен уақыттарында Шет ауданы әкімінің, аудандық, маслихаттың, облыстың Мәдениет департаментінің, Облыс әкімінің және Мәдениет Министрлігінің «Алғыс хаттарымен» және «Құрмет грамоталарымен» бірнеше рет марапатталған. 2010 жылы Облыс әкімінің «Үздік мәдениет қызметкері» номинациясына, 2015 жылы Аудан әкімінің «Үздік кітапханашы» номинацияларымен марапатталды. Бірнеше рет республикалық, облыстық, аудандық газет беттерінен мақала шығарылды.

Гүлшара Қамиқызының аты Республикалық «Қазақстан әйелдері» журналының энциклопедиясына енгізілді, арнайы мақала жазылды.

2015 жылы Зейнеткерлікке шыққаннан кейін немен айналыссам екен, туған жеріне өз үлесін қалай қоссам деп, бір іс ашуды жөн көрді. Ол ой мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы арнаған Жолдауларының аясында туып, мемлекеттің қолдауымен мемлекеттік жекеменшік серіктестікпен 2018 жылы аудан орталығы Ақсу-Аюлы ауылында 50 балаға арналған «Фатих Сұлтан» балабақшасын ашты. Содан кейін, ауданға қарасты Киікті ауылындағы 40 балаға арналған «Сұлтан - 2019» бөбекжайын ашты. Мұндағы мақсаты ауылдық жерлердің жабылып қалмай, тұрғылықты тұрғындардың қалаға көшіп кетпей, ауылдың дамуына үлес қосу. Ол ойы бүгінде іске асып, азда болса қаладан шалғай орналасқан ауылдық жерлердің атап айтқанда, Киікті ауылындағы «Сұлтан-2019» балабақшасына тұрғындар балаларын орналастырып, өздері сол ауылдың аумағында әр түрлі қызметте еңбек етіп, ауылдың дамуына өз үлестерін қосуда. Бүгінде осы жерде облыс әкімінің қолдауымен бюджет есебінен 150 орындық мектеп салынып берілді. Келешекте Киікті ауылының әрі қарай өркендейтініне сенім мол. 2022 жылдың 18 ақпан күні Босаға ауылында 40 орындық балабақшасы ашылады.

Аудан ауылшаруашылығы ауданы болғандықтан келешекте ауылдық жерлердің жабылмай жұмыс істеуі үшін, жер-жерде балабақша ашу жоспарымнгда бар. Балабақша, мектеп, жол, тоқ, ауыз суы, байланысы бар елді-мекен жабылмайтыны анық.  

Қандай қызметте болса да, қоғамдық ортамен үнемі байланыста болып одан әрі зейнеткерлікке шыққан күннен Шет ауданы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының хатшысы, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы, «Ақтілеу» қоғамдық қорының директоры қызметтерін біріктіріп атқарып келеді.

Оған қосымша аудан басшылығының қолдауымен көмекке мұхтаж жандарға қолдау көрсету үшін, осы қор арқылы қаржыландырылатын әлеуметтік «Тегін дүкенді» басқарады.

    Жетістікке жеткен әр жұмыр жүректі пенденің артында жанұясы тұратыны белгілі. Бұның басында әрине үйдің отағасы жолдасы Арыстанбеков Мейрам Алькейұлы және балаларының көмегімен. Жолдасы екеуі 3 бала тәрбиелеп өсіріп, олардан 8 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Ұл-қыздарының бәрі жоғары білімді, бір-бір саланың білікті мамандары. Ұлы Бағлан Шет ауданының ауылшаруашылық бөлімінің басшысы, төрт баланы тәрбиелеп отырған ардақты әке болса, үлкен қызы Ляззат Шет ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің материалдық қамтамасыз ету жөніндегі бөлім басшысының қызметін атқарады. Ал, кіші қызы Арайлым 3 баланың анасы, Қарағанды қаласындағы №15 мектебі директорының тәрбие жөніндегі орынбасары, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. Осылайша заманауи берік отбасының қалыптасуына жағдай жасау және гендерлік теңдікке қол жеткізу қоғамды әлеуметтік жаңғырудың ажырамас болып табылатыны айқын.

   Біліммен де, өнермен де алда жүрген Арыстанбековтер отбасы облыстық «Парасатты отбасы» байқауына қатысып, «Шығармашыл отбасы» номинациясының иегері атанған.

Өзі мемлекеттік және гендерлік саясатты қолдай отырып, ҚР Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауларын және мемлекеттік бағдарламаларды, әлемді жайлаған COVID-19 індетінің алдын алуға байланысты сақтық шараларды аудан тұрғындарына ақпараттандыру, насихаттау әрі түсіндіру мақсатында өзінің ой-пікірін әлеуметтік желіде, бұқаралық ақпарат құралдарында мақала етіп тұрақты түрде жариялап отырады.

Гүлшара Қамиқызы – кішілерге әрдайым өзінің тәжірибесін аянбай үйретуден жалықпайтын үлкен жүректі адам.

                 

           Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында:

«Асқар шыңдарға ту тіккен ауыл әйелдері/100 историй успеха сельских женщин» жинағында «Асылдың сынығымыз...» атты мақала жарық көрді. Аталмыш кітапта Қарағанды облысынан 6 азаматша енгізілген. Соның бірі –Гүлшара Қамиқызы екенін мақтанышпен айта аламыз.

«Лучшие женщины Казахстана» республикалық басылымның кейіпкері болып және арнайы медальмен марапатталды.

«Қазақстанның алтын кітабы» республикалық басылымында «Өнегелі өмір иесі» тақырыбымен мақала жарияланды.

Ақбауыр ауылында дүниеге келіп, туған топырағында ерекше шабытпен еңбек еткен Гүлшара Қамиқызы бүгінде абыройдың асқарында. Ол – әрқашан адамгершілік мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ұрпағына ұлылығын ұялатып, ағайын-туысқа қадірлі, еңбек жолында әріптестеріне сыйлы бола білген жөн. Жақсы адамның жинаған дүниесі емес, жақсы атының қалатыны осындайдан көрінсе керек. Шәкәрім айтқандай, «Адамдық борышың, халқына еңбек қыл» тәмсілі Гүлшара Қамиқызының өмір бойғы темірқазығы іспетті.

 

 

 

 

 

 

 


Келулердің саны: 1224