Акажанов Мукажан (1914 г.р)
Ғасыр жасаған ардагер
Ұлы Отан соғысының ардагері Мұқажан АҚАЖАНОВ 1914 жылдың 15 тамызында Қызылту болысында дүниеге келген. Әкесі Ақажан ескіше оқыған сауатты адам болған. Баласының хат танып, білім алуына бар жағдай жасаған.
Сол жылдары өңірде ешқандай білім ошақтары болмағандықтан, Мұқаңды 1927 жылға дейін төте жазуға әкесі өзі оқытқан екен. Алайда, 1928 жылы кәмпеске (конфискация) науқаны басталып, сол ағымға Ақажан молланың да отбасы ілінген. Еңбек жолын Мұқажан Ақажанов 1929 жылы Ақтөбе ұйымында (қазіргі Ақтөбе ауылы) жаяу пошташы болып бастайды. 1931-1932 ашаршылық жылдары Ақтөбе ұйымының халқын қажетті азық-түлік, киім-кешек және басқа да тұрмыстық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ететін қызметті басқарды. Қарамағында сегіз ат шана мен ат арба және он алты адам болған.
1932 жылы Мұқаңның басшылығымен Ақтөбе ұжымына қарасты жерде тек қол күшімен біршама егін салынды. Жалғыз ат соқамен және күрекпен жер өңделіп, қол тырмамен малаланып, сол жылдың күзінде бұрын-соңды болмаған астық алынды. Осы астықтың арқасында өңірдегі ашаршылықтың беті едәуір қайта бастайды және келешекке біршама тұқым қоры құйылды. 1934 жылдың мамыр айында аудан басшылығы Мұқаң атаны «Нұраталды» кеңшарының «Алабұға» бөлімшесіндегі сүт өңдеу шағын өндірісіне басшылық етуге жіберді. 1935 жылы сол өңірде жаңадан ашылған «Комсомол» фермасын басқаруды жүктейді. Ал, 1936 жылы Балқаш кен байыту комбинатының қосалқы «Қызылтау» шаруашылығының «Түлкілі» фермасының жетекшілігіне жоғарылатады. Осында ол 1939 жылға дейін, яғни, қызыл әскер қатарына шақырылғанға дейін қызмет атқарды.
1939 жылдың қазан айында қызыл әскер қатарына шақырылып, әскери борышын өтеу уақыты Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс болғандықтан, еліне 1946 жылдың мамыр айында оралған. Сұрапыл соғыс жылдары Кеңес Одағының Қиыр Шығыс әскери округінде Комсомольск қаласының іргесіндегі арнайы бөлімде шекарадағы әскери барлау бағытындағы жауапты қызметте болған. Сол соғыс жылдарындағы оқиғалардың бірін Мұқаң ата есіне түсіріп, былай дейді: «Екі ай карантин біткеннен кейін барлық жауынгерлер сапқа тұрғызылып, полк командирі Мұхамбетжан Айтжанов деген полковник келді. Ол бірден сапқа қарап тұрып: «Қазақстаннан Қарағанды қаласынан жауынгерлер бар ма?» деп сұрады. Рота командирі: «Бар, ол – Мұқажан Ақажанов» деді. Мен саптан шықтым, полк командирі жаныма келіп, Қарағандының қай жерінен екенімді, әке-шешем, туған-туысқандарымның арасында саяси сотталғандар бар ма деген сұрақтар қойды. Одан кейін ол өзі Теміртаудан екенін айтып, маған құпия бөлімшеге қарасты арнайы бөлімде боласың деді. Осыдан кейін мен бірінші арнайы бөлімде алғашқыда командир орынбасары, кейіннен командир болдым.
1945 жылы біз Амур өзенінің жағалауында шекара күзетінде болдық. Қарамағымда 9 жауынгер және бір орынбасарым болды. Ұзындығы бір шақырымдай траншея қаздық. Басқа әскери бөлімшелер тылдан біздің траншеяға дейін жер астымен байланыс жасады. Тамақ, киім-кешектер осы жер астымен бізге жеткізіліп тұрды. Шекарада талай жапон тыңшыларын кейін қайтарып отырдық. Осы кезде жапон әскерлері жарылғыш заттармен өз-өздерін жарып жібергенін талай көрдік. Оларды бірден шекараға тақалтпай, снайперлермен атып отыр-дық. Күніне кезектесіп 2-3 сағат қана ұйықтаған кездер болды.
Бір күні таңның ататын уақытында дүрбімен кезекті тексеру кезінде Амур өзенінің жағасында қозғалған жанды байқап қалдым. Күзеттегі бес адамның үшеуін алып, үстімізге маскировка киімдерді киіп, өзенге қарай барлауға кеттік. Өзенге жарты шақырым қалған кезде жапон барлаушысы бізді байқамай, бірден қолға түсті. Ол кенеттен ұсталғанынан өз-өзін жаруға үлгермеді. Оны байлап, бөлімшеге әкеліп, офицерлерге тапсырдық. Ұстағанымыз жапон әскерінің барлаушысы болғанын және одан құпия ақпараттар алынғанын рота командирінен естідік. Соғыстың соңына дейін осы шекарада болдық.
Соғыста жеңіске жеткеннен кейін, Мәскеуден офицер келіп, маған Генералиссимус И.Сталинннің қолы қойылған арнайы грамота және 150 000 сом ақшалай сыйлық, орынбасарыма 100 000 сом тапсырды. Ал, қарамағымдағы жауынгерлеріме ресми алғыс айтылды».
Соғыстан кейін 1947 жылдың қаңтар айынан бастап 1949 жылдың қазанына дейін Мұқаң ата аудандық тұтыну одағы (Райпотребсоюз) мекемесінде ревизор болып, азаматтық қызметін қайта жалғастырды. Одан кейін сол мекемеде қойма меңгерушісі, 1950-1956 жылдар аралығында Шет аудандық тұтыну одағы төрағасының орынбасары қызметінде болды. 1956-1960 жылдар аралығында «Орталық аудандық аурухана», ал, 1960-1974 жылдар аралығында «Аудандық коммуналдық шаруашылығы» мекемелерінде шаруашылық меңгерушісі болып қызмет атқарды.
1974-1977 жылдары «Кеншоқы» кеңшарында бас шопан болып жұмыс атқарды. 1977 жылы зейнеткерлікке шыққан. Бірақ, «Орталық аудандық аурухана» мекемесінің басшылығы Мұқаң атаның мол тәжірибесін және жауапкершілігін бағалап, 1977 жылы бұрынғы шаруашылық меңгерушісі қызметіне қайта шақырады. Зейнеткерлікте бола тұра, Мұқаң ата осы қызметті он жыл, яғни, 1987 жылға дейін абыроймен атқарды. Өндірістегі жоғарғы көрсеткіштері үшін Мұқаң ата аудандық, облыстық кәсіподақ ұйымының бірнеше дүркін жеңімпазы атанып, Мақтау грамоталары және бағалы сыйлықтарымен марапатталған. Ұлы Отан соғысындағы Мұқажан Ақажанов атаның көрсеткен ерліктері лайықты бағаланды. «Отан соғысы» орденімен, «Георгий Жуков», «Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін», «Соғыс ардагері» медальдарымен және Ұлы Жеңіске арналған мерейтой медальдарымен, Украина мемлекетінің арнайы медалімен, «Астана қаласына – 10 жыл» медалімен, көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталған. Жүзге келген қарт майдангер шежірелі Шет өңірінде ғибратты өмір кешіп, ауданның дамуына үлес қосқан. Бүгінде екі қызынан төрт немере, үш шөбере сүйіп отыр.
Мерзімді басылым беттерінде:
- Ысқақ, А. Ардагермен кездесу өткізілді [Мәтін] / А. Ысқақ // Шет шұғыласы.- 2013.- 9 мамыр (№19).- 4 б.
- Жұмабеков, Б. Ғасыр жасаған ардагер [Мәтін] / Б. Жұмабеков // Орталық Қазақстан.- 2015.- 11 сәуір (№58-59).- 4 б.
- Жосалбай, С. Әділдікті, батырлықты ту еткен ардагер [Мәтін] / С. Жосалбай // Шет шұғыласы.- 2013.- 9 мамыр (№19).- 5 б.
- Жұмкеұлы, Б. Жүзге келген майдангер [Мәтін] / Б. Жұмкеұлы // Орталық Қазақстан.- 2014.- 16 тамыз (№154-155).- 4 б.
- Дәулетбекұлы, М. Қарт жауынгер – 100 жаста [Мәтін] / М. Дәулетбекұлы // Шет шұғыласы.- 2014.- 21 тамыз (№33).- 1 б.
- Түсіпханова, Б. Мұқажан атамен кездесу [Мәтін] / Б. Түсіпханова // Шет шұғыласы.- 2015.- 9 сәуір (№14).- 5 б.
- Жұмабеков, Б. Соғыста 150 мың сом сыйлық алған [Мәтін] / Б. Жұмабеков // Президент және Халық.- 2015.- 3 сәуір (№14).- 4 б.