Тел.: +7 705 777 7788 Kıru

Сенкибай Оразғулулы (1709-1786 гг.)

Қазақтың айбынды да жеңімпаз батыры, әрі шешен биі Сеңкібай Оразғұлұлы еді. Ол 1709 жылғы қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының жеріндегі туып, 1786 жылы Шет ауданының жерінде қайтыс болған. Руы Қаракесек, Қара-Шор.

Тарихи шежіреде айтылғандай 1726 жылы Бөгенбай батыр он мың қолмен Алакөл шайқасына бара жатқанда жолшыбай Қарқаралының Жарлы өзенінің бойына тоқтап, жасағын дем алдырып, жүздіктерге, мыңдықтарға бөліп, әр түрлі ұрыс тәсілдерімен жаттығулар жүргізеді. Ол сол шақта Қожас батырдың ауылы жайлауда отыр дегенді естіп, әкесінің досына сәлем берейін және бата алайын деп арнайы іздеп барады. Оның келгеніне өте разы болып, үлкен қошеметпен қарсы алды. Қожас әулеті Бөгенбай батырға ерекше сый көрсетеді. Әсіресе, Оразғұлдың үлкен баласы Сеңкібай қонақты күтуде өте бір ілтипат, тапқырлық көрсетеді. Бөгенбай жас Сеңкібайдың ақылдылығына шексіз риза болады.

    Қожас осы жолы Бөгенбай батырға шөбересі Сеңкібайдан зор үміт күтетінін айтады. Сеңкібай қарт атасының тәрбиесінде болып жас күнінен садақ атып, найзаласуға, жекпе-жекке шығуға машықтанады. Сөйтіп, ат құлағында ойнап өседі. Он бес жасында ауыл арасындағы, ағайын ішіндегі реніш-қуаныштарына ортақ болып, даулы мәселелерге билік айта бастайды. Сеңкібайдың әділдігі, ақыл-парасаты жас кезінен дараланып, ел көзіне түседі. Бөгенбай батыр жорыққа аттанар алдында Сеңкібайдың түр-тұлғасына, жүріс-тұрысына қызығып, оны өзімен бірге ала кетеді. Бұл кезде Бөгенбай қырық бес жаста болса, Сеңкібай он жеті жаста екен.

    Қазақтың сайын даласында шапқыншылық тоқтамаған кез. 1725 жылғы Алакөл шайқасы, 1728 жылғы Шұбартеңіз жағасындағы және Балқаш көлінің оңтүстік өңіріндегі қырғын соғыстар қазақ қолыныңжеңісімен аяқталып отырған. Орта жүзден жиналған қалың әскерге басшы болған Бөгенбай батыр Бұланты мен Бөленті өзендерінің жағасында қалмақтарды ойсырата жеңеді. Нұра даласындағы жоңғарларға қарсы бұл соғыста жиырма жасар Сеңкібай қонтайшының немересі Әмірсананың басқаруындағы он мыңдық қолдың батыры ноян Көренге бетпе-бет келеді. Жас Сеңкібай астындағы Көкдауыл атанған атын ойнақтатып, оған қарсы шабады. Ноян Көрен онымен жас шамасы қатарлас болғанымен ірі денелі, қара дәу, аттандай жуан, білектей ұзын айдарлы, қабағынан қар жауған сұсты еді. Ол:

     -Ал, қазақ батыры, арманда кетерсің, ағашқы кезекті сен ал, - деп айқай салады.

     Көкдауылға қамшы басқан Сеңкібай аттың еті қызды-ау деген шақта сол қолында найзасы, оң қолындаҚожас атасының жеті бүктемелі ақ семсері жарқылдап, құйғытқан беті жауға жақындай береді. Қалмақ батыры болса одан аса қауіптенбей күпірлене, менсініңкіремей, жайбарақаттау тұрады. Сеңкібай атын ағызған бетте сол қолындағы емен сапты найзасын ноян Көренге кезене беріп, ақ семсерін жаудың мойын тұсынан сілтеп қалады, тегеурінді күшпен сілтеген ақ семсер жау батырының мойнын қиып, басын жерге домалатып түсіреді. Жеңіске жігерленген қазақ қолы “Ақжолдап”  ұрандап, жауға қарсы өршелене шайқасады. Осы жолы Бөгенбай, Малайсары, Қойкелді батырлар жауды оңтүстік-шығысқа қарай ығыстыра қуады. Сөйтіп, жас батыр Сеңкібай бұл жеңіске осылайша жол ашады.

     Сеңкібай сынды жас батырын айбынды Абылай хан “Ақиық сұңқарым” деген екен. Мұның мәнісі былай:

     ...Түн ортасы ауа Абылай қалғып кеткен екен, “Аттан! Аттан! Жау келіп қалды!” деген үрейлі дауыстан ол атып тұрады. Есік алдына көлденеңдей тартқан атқа қарғып мінеді де:

     -“Баян батыр, өз мыңдығыңмен жауға қарсы аттан, Сеңкібай, сен жасағыңмен орданы қауіпсіз жерге орналастыр. Ордаға ие болу сенің міндетің”, - деп атына қамшы басады.

     Айсыз қараңғы түн. Нөсерлетіп құйған жауын, аттандаған үрейлі үн. Қапылыста тиген жау қолының қанша екенін болжап білер емес,  жан-жақтың бәрі айқай-шу. Кім жау, кім өзімдікі екенін ажырату қиын. Толассыз құйған нөсерден қалың қамыс арасы аздап дігділеу болғанымен, оның айналасы ми, батпақ. Аузы тұмшаланған, қом салынған түйелер тайғанақтап жүре алмайды. Сеңкібай жасағы қарсы келіп қалған оншақты жауды шаншып тастап, Абылайдың Орданы өзеннің батыс жағына көшір деген тапсырмасына кіріседі. Бірақ ол жақ сор батпақты және ашық алаңқай болатын. Қаптаған жаудың ұрандаған дауысы құлақ жарады. Қалың қамыс ішінен жол тауып болар емес.

     Сеңкібай Орданы алып шығудың лажын келтіре алмай қатты сасады. Әбден қысылған ол атынан қарғып түсіп, құбылаға қарап қол жайып:

     -Иә, аруақ, Алаш бабам, Қарқабат анам, жар бола гөр?! Қырық Шілтен әулие өзің қолда! – деп бетін сипай бергенде, көз алдына саңқылдаған бүркіт елестейді.

     Ол “Иә, аруақ!” деп атына қарғып мініп, жасағына:

     -Орданы осылай қарай тартыңдар, - деп өзі бастап қалың қамыс ішіне сұғына кіреді. Бүркіт үні қалай естілсе, солай қарай жүреді. Әйтеуір, өлдім-талдым дегенде таң да атып, жан-жағы қалың қамыспен, өткелсіз жалпақ сумен қоршалған үлкен алаңнан бір-ақ шығады. Сеңкібай жасағымен Абылай және Баян қолын іздеп кетеді. Кешегі батырлар кеңесіндегі шешімдері сәтті болып, жауды қапылыста қансырата тас-талқан етіп жеңіп шығады.

     Абылай түңгі ұры қорытындысын шығарып, Сеңкібайдың Орданы қауіпсіз жерге орналастырғанына ризалық білдіреді. Орда ішіндегі адамдар Сеңкібайдың тапқырлығына, қараңғыда жол тапқанына, бүркіт үнінің саңқылдағанын өздері де естігенін айтып, алғыс сезімдерін білдіреді. Бұл тосын жағдайды білген Абылай:

     -Иә, Сеңкібай, онда сен айсыз түнде, нөсерлі жаңбырда қалың қамыс ішінде адаспай жүретін түнде ұшатын Алтайдың ақ сұңқары болдың ғой. Бұдан былай сені “Ақиық сұңқар” деп атайық! – депті.

     Содан былай Сеңкібай ақиық қыран, көріпкелі бар киелі батыр атанып кетеді.

     Батырлығымен қоса шешен әрі би болған Сеңкібай жас шағында Мойнақ би атасының қолында шәкірт болып, билікке араласқан. Ол кезде жесір дауы, жер дауы үзіліп көрмеген. Оның ақыры барымтаға дейін ушығып, елдің береке бірлігіне кесірі тиген. Осындай дүбірлеңі үлкен бір дау-шарға бітім айтуға ел Мойнақ биді шақырады. Жасы келіп қалған, әрі сырқаттанып жүрген Мойнақ би шәкірті Сеңкібайды шақырып алып:

     -Бұл жолғы егесті шешуге сен барасың, - дейді.

     Ал, сөз реті, дауласушылардың іс-әрекеттеріне қарай “мынаны айт, ананы істе” деп тапсырмалар береді.

     Сеңкібай ол кезде он бес жаста екен.  Ол билік айтуға аттанарда есік алдына жете беріп, Мойнақ биге мойын бұрып, тымағын қолына алып, екі қолын қусырып тұрып:

     -Жақсы ата, сауға! Сізге бір сөз айтуға рұқсат па? – дейді.

     Мойнақ би табиғатынан түсі суық, ызбарлы адам екен, ол Сеңкібайға тесіле қарап:

     -Айт, тілегіңді, - депті.

     Сонда Сеңкібай:

     -Жақсы ата, Сіз маған дау-шарды шешеріңде олай де, былай істе деп тапсырма беріп жатырсыз.Солай үйреткендеріңізді сөздің реті келсе айтайын ба, жоқ әлде, “Жақсы атам пәлен деп еді” деген оймен бопсалай берейін бе? – депті.

     Сонда Мойнақ би оған жалт қарап, сұсты пішінмен:

     -Боқ, шіркін бара ғой, бара бер деп төмен қараған күйі үнсіз қалады.

     Осыдан былай Мойнақ бидің орнына Сеңкібай ел арасына билік айтқан екен.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

      Жүністегі, К. Шырағдан [Мәтін] / К.Жүністегі.– Алматы: “Ел-шежіре” ҚҚҚ, 2007. – 121-122 б.                                

Шет ауданы [Мәтін]: энциклопедия – Алматы: Қазақпарат, 2011.- 26 б.                                                      

        Мәкенбайұлы, Қ. Сеңкібай батыр Оразғұлұлы ел қорғаны болған [Мәтін] / Қ.     Мәкенбайұлы // Қарқаралы.- 1992.- (№7/8).-3-11 б.

     

Ол туралы:                          

      Жүністегі К.  Шырағдан [Мәтін] / К. Жүністегі. – Алматы: “Ел-шежіре” ҚҚҚ,  2007. – 121-122 б.                                

   Мәкенбайұлы, Қ. Сеңкібай батыр Оразғұлұлы ел қорғаны болған [Мәтін] / Қ.     Мәкенбайұлы  // Қарқаралы.- 1992.- (№7/8).-3-11 б.

 Төреқұл, Н. Даланың дара ділмарлары [Мәтін] / Н.Төреқұл.- Алматы: 2001.- 212-  219 б.

 

Мерзімді басылым беттерінде:

Жүкібай, М. Ұлы баба тұлғасы ұрпақ жүрегінде  [Мәтін] / М. Жүкібай  // Орталық Қазақстан.- 2006.- 14 қараша (№176).-4 б.

Мөкенбайұлы Қ. Ел қорғаны болған [Мәтін] / Қ. Мөкенбайұлы // Қарқаралы.- 1992.- (№7-8).- 3-11 б.

      Жаңқашұлы, Ж. Елдің пірі, ұрпақтың мақтанышы  [Мәтін] / Ж.Жаңқашұлы      

      // Орталық Қазақстан.- 2009.- 17 қыркүйек (№141).- 6 б.

Мерей той шеңберінде өткен спорт жарыстары [Мәтін] / Заман.- 2002.- 14 қыркүйек (№34).-4 б.

 Индустриальная Караганда. - 2021. - 30 сентября (№108). - С.5

Сөз өнері. - 2021. - желтоқсан ( №12). - 2 б.