ШЕРТПЕ КҮЙДІҢ ШЕБЕРІ.
Бүгін аудан орталығындағы қазыналы кітапхана төрінде өмірін күймен өрнектеген дәулескер күйші, Арқадағы шертпе күйдің шебері, актер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Әбікен Хасенұлының туғанына 130 жыл толуына орай, «Шертпе күйдің шебері» атты портреттік еске алу кеші өтті.
Айтулы шараға ауданымыздағы зиялы қауым өкілдері мен өнержанашырлары сондай – ақ, кітапхананың жас оқырмандары қатысты. Шара барысында оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашылары дайындаған "Арқаның күй күмбезі" атты Ә.Хасенұлының өмірінен сыр шертетін бейнеролик көрсетіліп, кітапхана директоры М.С.Нурпеисова барша қатысушыларды өнер иесінің мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Сондай – ақ, кешке арнайы келген күйші, өлкетанушы Е.Жәнібеков Тәттімбеттің «Көкейтесті» күйін шертсе, жерлес ақынымыз А.Рашитов жырдан шашу шашты.
Осыдан кейін, аудандық С.Мұхамеджанов атындағы өнер мектебінің ұлағатты ұстаздары Қ.Ермекұлы, А.Қантайұлы. Ж.Мейрамұлы қос ішекті домбыра шаңағынан күй төгілдірсе, Әбікен Хасенұлына арналған жәдігерлермен «Күй тарланы» атты көрмені аудандық музей қызметкері Б. Баяманова таныстырды.
Сонымен бірге, оқырмандарға Ә.Хасенұлының шығармашылығына байланысты QR да жасырылған сұрақтар беріліп,сөзжұмбақ ойындары ойнатылды.
Шара соңында аудандық кітапхана директорының орынбасары Б.Амангельдинов барша қатысушыларға алғысын білдіріп, естелік сыйлықтарды табыс етті.
Количество посещений: 1813