Білімпаздар бақ сынасты
Кітапхана – кітап алып оқитын орын ғана емес, ұлылардан қалған ұлы көшті шөгермей келешек ұрпаққа жеткізіп отырған қасиетті қара шаңырақ. Осындай рухани орданың бірі Шет ауданының орталық кітапханасында 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіз қазақ елінің шежіресі» атты тарихи альманах кеші өтті.
Аталған іс-шараны кітапхана директорының орынбасары Берікбол Амангелдин құтықтау сөзімен ашты.
Ал, кешке қатысқан көпшілік қауымның назарына «Тәуелсіздік жылнамасы» тақырыбында интелектуалды сайысы ұсынылды.
Сайыс бірнеше кезенге бөлінген. Атап айтсақ, сайысқа қатысушы топтар «Таныстыру» кезеңінде өздерін таныстырды. Бірі қара сөзбен жеткізсе, енді бірі өзін өрелі өлең өрнегімен таныстырды.
«Тарих тағылымы» кезеңінде арнайы ұяшықты таңдау арқылы түрлі сұраққа жауап берді. Сұнда олардың білімі сынға түсті.
Ал, «Ой-таным» кезеңінде әр ұяшықта жасырылған суретті танып, белгілі сөздердің мағынасын таратып айтып, ұлттық поэзия алыптарының жауһар туындылары арқылы авторын тапты. Бұл да өз кезегінде олардың таным көкжиегін кеңейткені анық.
Сайыс қорытындысында, ептілігі һәм білімділігімен ерекше көзге түскен «Сақа» тобы жеңімпаз атанып, арнайы дипломмен марапатталды. Қарсылас «Қыран» тобына Алғыс хаттар табысталды. Екі топ та Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары екенін атап өткен жөн.
Іс-шара кітапхана қызметкері Думан Молдабековтің әуелеген әсем әнімен мәресіне жетті.
Білімпаздар бақ сынасқан кешке қатысқан оқушылардың біршама тың деректі біліп, кітап оқуға, білімді болуға деген ынтасының арта түскені сөзсіз.
Количество посещений: 1811