18 қазанда Шет аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен, кітапхананың оқу залыңда Халықаралық кітапханашылар күніне орай «Кітапхана – рухымның мекені» атты конкурс-викторина өтті. Іс-шараны оқырмандарға қызмет көрсету бөлімнің кітапханашылары Айнагүл Толеукенова мен Дина Жолдыбекова жүргізді. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Қаратаева кітапханашыларды мерекелерімен құттықтады. Конкурс-викторина 6 кезеңнен тұрды:
1. «Ширату»
2. «КБЖ бөлімдері»
3.«Өлкетану»
4. «Сөз құрастыру»
5. «Өнерлі өрге жүзер»
6. «Топбасшылар сайысы».
Қызықты конкурста Аудандық орталық кітапхананың әдіскерлік бөлімі мен кітап қорын реттеп-жинақтау бөлімі қызметкерлерінен құралған «Қазына сақшылары», библиография бөлімі мен кітапханалық процестерді автоматтандыру бөлімінің қызметкерлерінен тұратын «Жылдамдық жасындары», Аудандық балалар кітапханасының «Болашақ» командалары бақ сынасты.
Сайыс шарты бойынша командаларға деңгейлес сұрақтар қойылды. Сол сұрақтың жауабын бірінші тапқан ойыншы қолын көтеріп белгі беруі керек.
Әр дұрыс айтылған жауап пен орындалған тапсырмаға бір смайлик берілді. Қай топта көп смайлик жиналса сол топ жеңімпаз болатындығы айтылды.
Сайыс сұрақтары қойылмас бұрын топбасшылар өз топтарын таныстырды. «Ширату» кезеңінде логикалық сұрақтарға бас қатырса, «КБЖ (Кітапханалық- библиографиялық жіктеу) бөлімдері» айналымында кәсіп бойынша білімдерін ортаға салды. «Сөз құрау» ойыны қатысушылардан командалық ұйымшылдық пен шапшаңдықты талап етті. «Қазына сақшылары» тобының мүшелері – Үңірек ауылдық кітапханасының қызметкері Кенжегүл Сембекова, «Болашақ» тобы жаппай әсем ән шырқап, Бейбіт Шідербекова әуезді өлең оқыды. Команда мүшесі Әлихан Байжанбаев бастап, «Жылдамдық жасындары» өздері жасаған бұйымдарымен таңғалдырды. Топбасшылар сайысында топ жетекшілері дәстүр мен ділден бейхабар еместігін көрсетті.
Конкурс-викторинада библиограф Нұржамал Әбенова жетекшілік еткен «Жылдамдық жасындары» тобы ойөрістерінің кеңдігін аңдатып, «Білімді топ» номинациясын иеленді. «Өнерлі топ» аталымына әсем әнмен құлақ құрышын қандырып, әдіскер Қызғалдақ Тусупбекова топбасшылық еткен «Қазына сақшылары» командасы ие болды. «Ерекше топ» номинациясы ерекше таныстыруды дайындаған «Болашақ» командасына бұйырды.
Іс-шара соңында кітапхана қызметкері Бекзат Алтынбек әр бөлім кітапханашыларына жеке-жеке арнаған арнауын оқыды. Директор Мейрамкүл Нұрпейісова қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Іс-шарадан рухани қуат алған кітапханашылар «Кітапхана – әрдайым руханият пен білімнің, мәдениет пен әдебиеттің ордасы болып күн сөнгенше сөнбек емес,» - деген ойдың анықтығына тағы да көздері жетіп тарқасты.