«Шоқтығы биік жазушы » атты оқырмандар конференциясы

2017 жылдың 24 ақпаннында Шет аудандық Мәдениет үйінің көрермендер залында барлық оқырмандар тобымен «Шоқтығы биік жазушы» атты оқырмандар конференциясы өтті. Шараның тізгіні оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Айнагуль Толеукенова мен әдебиетші,өнерпаз Берікбол Амангелдіде болды. Оқырмандар конференциясы өткізу мақсаты Мұхтар Әуезовтің өмір жолы мен жазушылық қызметі, шығармашылығынан мағлұмат беру. Жазушының әлемдік мәдениетке қосқан үлесі туралы оқырмандардың білімдерін жүйелеу, қызықты да қиын тағдырға толы жазушы өмірін келешек ұрпаққа үлгі ету, эстестикалық тұрғыда тәрбие қалыптастыру көзделді.
«М.Әуезовтың туғанына 120 жыл» атты кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылып, әдеби шолу жасалды. Туған халқын төрткүл дүниеге мәшһүр еткен ұлы суреткер Мұхтар Омарханұлы Әуезов - кемел ойдың кеніші, кенен сөздің өрісі. Қазақ әдебиетінің барлық жанрына тұңғыш рет қалам тартып, бәрін игеріп, сол арқылы тіліміздің шұрайын, еліміздің шырайын танытқан қарымды қаламгер, дарынды ғалым. Ұлы жазушы, данышпан ойшыл, ғұлама ғалым, асыл азамат Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына биыл 120 жыл толып отыр. Дүниеге қазақ перзенті болып туып, адамзат перзенті болып аттанған М.О.Әуезов тағдыры – талай ақиқатқа қапысыз көз жеткізетін тағылым мектебі. Заманмен бірге тебіреніп, мәңгілікпен үндесе білудің айқын өнегесі.
Ол талай жер теңселтіп, ел сенделткен әлеуметтік сілкіністердің, қиялды қысыратып, сананы тоқыратқан түбегейлі өзгерістердің жаппай теңдікке ұмтылып, елдікке құлшынған рухани буырқаныстар кезеңі болып, тарих қойнауына аттанғалы отырған жиырмасыншы ғасырмен жарық дүниеге бірге келді.
Әуезов өмірі мен еңбегінің халық үшін қаншалықты маңызды болғанын кейін тарихтың өзі дәлелдеді. Ол аласапыран кезеңдерде халқымыздың талай рет үзіліп қала жаздаған мәдени-рухани арқауына, ұлттық сана сезіміне дәнекер болып, кешегі күннен бүгінгі күнге аман жетуіне себепкер болды.
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың 120 жылдық мерей тойында, 60 жыл артқа шегініп жазушының Ташкенттегі ұлттар достығы съезінде сөйлеген жанды даусы оқырмандар назарына ұсынылды. Келесі кезекте «Бала Мұхтардан дана Мұхтарға дейін» атты тақырыпта М.Әуезов өмірнің тарихи тізбесіне арналған шағын слайд көрсетілді. «Әуезовтің әдеби мұрасы» және «М.Әуезов- әлем әдебиеті мойындаған тұлға» атты шығармашылығы жайында кітапханашы М.Құнанбаева таныстырды.Әдебиетші,өнерпаз Берікбол Амангелді немересі М.Әуезовтың шығармаларына шағын шолу жасаса, кітапханашы Г.Мухтарова «Ұлылық үлгісі» атты тақырыпқа мәлімет оқып берді. «Абай жолы» – Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі роман-эпопеясы. «Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейіне көтеріп, әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы әлемдік деңгейде: «ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» (Луи Арагон) деген жоғары баға алды. Сондай-ақ бұл роман-эпопея қазақ халқын, қала берді бүкіл түркі әлемін дүние жүзіне танытқан ұлы шығарма ретінде де танылды.
Ж.Елебеков атындағы республикалық дәстүрлі әншілерінің байқауының лауреаты Ахметов Еркебұлан Абайдың «Сегіз аяқ» әнің орындады. Әуезов қаламынан 20-дан аса драмалық шығарма туды. Әуезов драматургиясында жанрлық формалардың бәрін қамтыған. Онда трагедия да, комедия да, драма да бар.
Мұхтар Әуезовтің шығармаларынан алған әсері жөнінде жас оқырман Ы.Алтынсарин атындағы мектеп – гимназиясының 7 сынып оқушысы Құрмашева Қарақат баяндап берді.
«Ұлт мақтанышы» атты М.Әуезовтың ғылыми еңбектері, очерктері, мақалалары туралы Б.Шидербекова айта кетті. М.Әуезов жайында айтылар сөз көп. Әр дарынның табиғаты әр басқа. Мұхтар Әуезов табиғаты тіпті ерекше. Ол – 1917 жылы жазған «Адамдық негізі - әйел» деп аталатын публицистикалық мақаласының өзінде елдік, мемлекеттік ойлар айтқан. «Ел боламын десең – бесігіңді түзе!» деген М.Әуезов сөзін қазақтың әрбір шаңырағы өз маңдайшасына ойып жазып қойса, жарасарлықтай.«Шоқтығы биік жазушы » атты оқырмандар конференциясы барысында М.Әуезов туралы оқырмандарымыз қаншалықты білетің жайлы сұрақ-жауап алынды. «Естеліктер сыр шертеді» атты слайд арқылы оқырмандарға М.Әуезовтың мұражайы туралы таныстырылды.
Мұхтар Әуезов өмірден өткеннен кейін өкіметтің қаулысымен 1961 жылы өзінің тұрған үйі мұражайға айналды. Қалпына келтіру жұмыстарынан кейін 1963 жылы мұражай пайдалануға берілді. Сол жылдан 1993 жылға дейін мұражайды жазушының өз қызы Ләйлә Мұхтарқызы басқарды. Ол үйде жазушы 1951-1961 жылдар аралығында он жыл көлемінде тұрған. Мұражайдың қазіргі директоры Ләйләнің ұлы – Диар Қонаев.
Бұл оқылған дүниелердің бәрі біз үшін құнды. Өзінің ғажайып таланты, асқан еңбекқорлығы арқасында халқына қалтқысыз қызмет еткен, көркем сөздің шыңына шығып, соңына мәңгі өлмес мұра қалдырған әлемге әйгілі жазушыны дәріптеу - біздің абыройлы міндетіміз деп танимыз. Қорытындылау мақсатында оқырмандар конференциясын ұйымдастырушы – тәлімгер , Мәдениет қайраткері Гульшара Қамиқызы сөз алып ,Әуезов әлемi дейтiн кең дүниенің жаратылысы мен табиғатын екі сөзбен қайырып айту мүмкін емес. Оны терең танып, жан-жақты талдау – әр дәуір, әр ұрпақтың киелі мiндетi.
Әуезов әлемi көзге көрiнбейтiн ғажайып ұлы сиқырымен, құдiретiмен ұлттық рух тәуелсiздiгiн қорғауға, сақтауға үйретедi!
Келер ғасырда да кемелдене беретiн кемеңгер М.Әуезов – тек сiз бен бiздiң ғана емес, әлi дүниеге келмеген жаңа ұрпақтардың да сарқылмас игiлiгi, өлшеусiз бақыты. Өйткенi, М.Әуезов құдiретi оның елге деген шексiз махаббаты мен сенiмiнде жатыр. Осы бiр ақиқатты сезiну мына бiздерге, бүгiнгi тәуелсiз мемлекеттiң iргесiн нығайтып жатқан ұрпаққа қажымас қайрат, жасымас жiгер қосады, деп айта кетті.Іс-шара соңы әнші, сазгер Роза Әлқожамен кездесу кешімен жалғастырылды.