Тел.: +7 705 777 7788 Войти

Шортанбай Қанайұлы (1818-1881)

Шортанбай Түркістан жерінде Қаратауды жайлаған шаруа Қанайдың отбасында дүниеге келген. Жас шағынан мұсылманша оқып замандастары қатарлы білім алмаған. Бұрыннан қазақ халқының қасиетті астанасы есепті Түркістан қаласы, оның сол тұстағы шар тарапқа жайылған даңқы жас талапқа әсерсіз болмаған.
  Қиялына қанат бітіріп, өнер-білім биігіне талпыған алғашқы тәлім-тәрбие ұясындай ізгі әсер еткен, парасатты ақыл иелеріне жақын жүріп, жақсылар қатарына ерте ілескен. Көзі ашық, сауатты, білімге құштар жасқа үлгі-өнер боларлық ойлы орта, тәлімге - ұстаздар да кезіксе керек-ті.
  Көкірегі ояу, көркемдікке әуес сезімтал жас естіген есті сөздерін құлағына құйып, көрген ғажайыптарың ойына орнықтырып, шама-шарқынша ақылға салып, санамен салмақтайды.
  Жас талап тұстастарының бірі аллатағала әмірімен, діни түсіністіктермен баланыстырса, екіншісі Яссауи қалдырған парасат сөздерін тақпақтап, ауызға-өсиетке негізделген "Диуани Хикметтен" үзінділер келтіріп, көкеге ой салар сырлы сөзжинағын ауызға алар еді. Жалғыз ғана емес, одан бергі Түркістандық өнерпаздар.
  Мұсылмандық жолындағы оқудың нәтижесі оның қолын ишандық дәрежеге жеткізді. Бұл жолда қызмет атқару үшін Түркістаннан Арқаға, Қарақаралыға қарасты Бесата жайлаған Жамантай төренің мекеніне қоныс аударуға тура келеді.
  Одан кейін Аюлы-Ақсу бойын қоныстанған Жанғұтты бидің қарамағанан шағын мешіт салдырып, медресе ашады. Өле-өлгенше осы биді төңіректеп, өмір кешеді. Ер жетіп, еркінше еңбек етуге бел буған талабы зор, талғамы қалыптасқан Шортанбай жаңа ортаға, өзге өлке жағдайына кезігеді.
  Жігіт жасындағы Шортанбай мешіт ашы, діни жұмысатқара бастағанмен, оған мүлде беріле алмайды. Тіршіліктің талабы, өмірдің рухани азығы, дүниенің қызығы оны тәубасынан жаңылдырады. Қызойнақ пен Алтыбақан кештеріне бірден барып, жастарға араласып кеткісі-ақ келеді. Амалын тапса, екеуін де қолданып, өзі де елден шеттемей, жастарға да, үлкендерге де үйір боп, солардың ортасында өмір сүру, мүмкін болғанынша сезімге бой алдырмай, ақыл мен парасатқа жүгіну қажет. Осылайша ой түйген Шортанбай өзін еркін ұстайды.
  Жастық шақтың қызығы оны ойын-сауыққы жетелейді. Елдегі әр қилы дәстүрлі той, жиын, келін түсіру, қыз ұзату салттарына байланысты думандарға еліктемеу мүмкін емес.
  Ел толған төкше ақындардың айтыстары, жыршы-жыраулардың тамаша толғау, жырлары өнерге әуес, сөзге жүйрік, тілге шешен Шортанбайдың жанына жағады. Біраздан кейін өзін-өзі билей алмай, бойын кернеген ақындық өнердің аузын қалай ашып жібергенін өзі де сезбей қалады.
  Енді ел-жұрт Шортанбайды ишан деуден көрі төкпе ақын деп атап кетеді.
Міне, ғажап! Қазақтың бір өлкесі бір Шортанбайды тақуа ишан етіп тәрбиелесе, екінші өлкесі оны тамаша ақын етіп шығарды. Асылы, адамды – жасаған ортасы тәрбиелейді, - дейтін қағида дұрыс. Оған Шортанбайдың өсу, жетілу жолы бірден-бір куә.
  Еліне ақын боп танылған Шортанбайдың өнерлік жолына шолар болсақ, онда да өзіндік сыр жоқ емес. Қазақта, бұрын-соңды, не көп десе, ақын көп деп жауап берілер еді. Бұл жауаптың екі мағынасы бар. Ақынның көптігі, ең алдымен, халықтың талантқа бай екенін көрсетеді.
Екіншіден не нәрсе көп болса, онда құнсыздық та орын алып, яғни, ақын емес, елде ақындыққа жақындар да көбейер еді. Кез келген ұйқас сөз өлең емес, өлең ол Абайша айтқанда, "сөз сарасы" немесе "өлең сөздің патшасы".
  Ал оны жасаушы "Ер данасы" - шын мәніндегі ақын. Ойын-сауықта екінің бірі елдің алты аузын айта алады. Бірақ ол нағыз ақын ба, жоқ, ол сөзге әуестердің бір ғана.
  Нағыз ақын өзінің ішкі жан сезім дүниесін нәзік те, нәрлі сөздермен суреттейді. Ішкі сезімге құрылған тамаша лирикалар жасайды. Бұл – жеке адамдар өміріне, сезіміне байланысты лирикалық туындылар. Сол адамдар сезімін әсем табиғат құбылыстарымен де көмкеріп, жыр төгеді. Табиғат лирикасын дүниеге әкеледі. Тылсым табиғатты қыз-бозбала ғашықтығымен ұштастырса, тамаша сурет туындайды. Осылайша лирикалық нәзік те әсерлі тағы бір саласы дамиды.
  Шортанбай - өз заманының жалынды ақыны, ақылғой шешен жырауы. Өзі өмір кешкен замана шындығын барлық көрінісімен айқын да дәл бейнелеп, әлеуметтік маңызы зор шығармалар жазды. Шортанбай творчествосы ХІХ ғасырдағы қазақ өмірінің айнасы, әсіресе, кедей – кеншік, момын шаруаларының тұрмыс тіршілігінің шынайы куәгері. Жан-жақты талан- таражға душар боп жатқан туған елінің ауыр тағдырын тайға таңба басқандай бейнелей білген білгір жазушы.
Шортанбай шығармалары өткен ғасырдың соңғы ширегінде кейбір жинақтарда баспа бетін көре бастады. 18882 жылдардан бастап, өлең, толғаулары жинақталып, бөлек кітап көлемінде жарық көреді. Көрсетілген жинақтарға ақынның "Тар заман", "Опасыз жалған", "Байды құдай атқаны", "Атамыз Адам пайғамбар", "Өсиет – насихат сөздер", "Айттым сәлем", "Асан қожаға" т.б. енген.
  Шортанбай шығармаларының лейтмотиві – заман, қоғам, халық тұрмысы, ел өмірі, жер, қоныс қысымы, отаршылар мен жергілікті әкімдердің озбырлығы, жаңа қарым-қатынастан туындаған тонаудың жаңа түрлері, сатқын ел билеушілер, бұзақы топта, т.б.
Елді қанаушылардың жаңа тобының ақшалы байлар, алыпсатарлар, саудагерлер екенін ақын айқын суреттейді. Оларды нағыз ел ырысын еміп, сездірмей сорып жатқан араны толмас алпауыттар деп бейнелейді. Ақшаға байланысты елдегіқайғы қасіреттің де шынайы суреті жасалады.
Арам арсыз жан шықты,
Қайыры жоқ бай шықты.
Сауып ішер сүті жоқ,
Мініп көрер күші жоқ,
Ақша деген мал шықты.
  Қазақ қоғамын билеп-төстеген сол тұстағы әкімдер тобы – халыққа арсы боп, елдің басына зобалаң орнатып жатқан қу мен сұмдар. Халықтың бұрын-соңды болған дәстүрлі билігі жойылды. Елдің өзіндік салты, өнегелі басшы адамдары ығысты. Ел билегенде титтей де адалдық қалмады деп өз сынын күшейте түседі.
  Халық қайғысының қалыңдауына негізгі себеп – отаршыл патша өкіметінің озбыр саясаты және оны жүргізіп жатқан жергілікті әкімдер. Генерал, майор, князь, тілмәш, дуанбасы, оның соты, әскері, түрмесі, т.б.
  Бұлар елді еркіндіктен айырған, дәулетін судай шашқан аждаһа іспетті. Халық қайғысының негізгі себепкерін "Жалмауыз болда ұлығың", - деп әкімдерден көреді.
Заман қайтып оңалсын,
Адам қайтып қуансын.
Жанарал болды ұлығың,
Майыр болды сыпайы.
Айрылмайтын дерт болды,
Кедейге қылғап зорлығың,
Князьді көрдің піріндей,
Тілмәшті көрдің биіңдей.
Дуанды көрдің үйіндей,
Абақты тұр алдында,
Қазылып қойған көріндей
  ХІХ ғасырдың көптеген ақындары қазақтың тәуелділікке душар боп, қоныс қысымына ұшырағанын күйіне жырлады. Қолынан шығып кеткен мекендеріне іштері қазандай қайнап, жоқтау айтып, зар жылады. Патшалықтың ең ілкі тырнағына ілінген Сарыарқа, Еділ, Жайық, Есіл, Ертіс жер суларының шұрайлы бойларынан айрылу шымбайына қатты батты.
Шортанбай туралы пікір айтқан кейбір зерттеушілер оны өмірден түңілген жігерсіз, қайғы мен зардың ақыны деп келді. Жоғарыда келтірілген өлең жолдары ақынның бойындағы басым күш – түңілу емес, жігерлілік, үмітсіздік емес, батыл күреске үндеу, оптимистік, патриоттық сезім екенін көрсетеді.
  Шортанбай жасаған заманда бұдан артық елі мен халқының қамы үшін адал қызмет ету акі талай. Біздіңше, халқының тағдырын ойлаған ақынның жарғақ құлағы жастыққа тиген жоқ. Ел-жұртының қасіретін арқалап, бойындағы бар күшін сол үшін сарп етті. Сол тұстағы қоғамның жай-жапсарына қарай әрекет жасап, жатпай-тұрмай халқын үгіттеп, ілгері жетеледі.
Ел ішіндегі әр түрлі жетесіздіктерге, талан-таражға, алуасыздыққа, берекесіздікке, ойсыз опасыздыққа қарсы шықты. Әуелі өз елінің мінезін, мініп түзетпек болды. Жігерін оятып, тәуелсіздігі үшін аянбай күресуге шақырды. Оны ақын жақсы түсінді.
Отаршылар мен оның қазақ жеріндегі сыбайластары билеген заманды ол халық басына түскен ақырзаман, елдің береке-бірлігін кетірген тар заман, жұрт болашағын тұйыққа тіреген зар заман деп өзінше қорытты.
  Бұл заманның енді бір кесапаты ол халықты өзінің ғасырлар бойы қалыптастырған кәсібінен, тіршілік қамынан, үйреншікті, сүйегіне сіңген әдет-ғұрпынан, наным-сенімнен, иманнан, дағдылы ел билеу салтынан айырды.
   Осылайша халықтың ұлттық тұрпаты, елдік сипаты бұзылды. Адамы, азаматы, оларды мінез-құлқы, іс-әрекеті өзгерді. Олар тәуелсіздігінен айрылды. Құлдық тәуелсіздік қамытын киді. Өзіндік дербестігі жойылды. Міне, осының бәрі ақынның зарлы-шерлі толғаулары арқылы сыртқа шықты.
Ол халықтың мұңы боп қалыптысты.


   Шортанбай шығармаларының негізгі арқауы деп, оның жырларының ақылғой, өсиетшіл келетінін айтқан жөн. Адамгершілік ақыл айтып, халықты түзу жолға салуды өзінің зор мақсаты санағандықтан болса керек. Ақын әр түста терең толғап, өрнекті де өнерлі сөз термелейді.
Ақылдар айтады, нақылдар қалдырады. Шортанбайдың ерлерде айтып кеткен өсиет сөздері де бар. Ол өсиеттерін қалың қазаққа, оның басшы адамдарына, ұл-қызына, кәрі-жасына арнайды. Өз атынан барлық қауымға сәлем жолдап, бақұлдасқандай болады.
  Келтірілген ақынның қоштасу сөздері, өсиеттері мәнсіз емес. Елдің бас көтерген адамдарын тәубаға шақырып, мал, дүние үшін қор болмай, халық үшін, бір құдай үшін қызмет етуін тілейді. Ізгілік, әділет жолынан тайынбай іс қылып, саналы, салихалы өмір кешуін уағыздайды. Ақырет жолы мен адамгершілік, әділет жолдарын тең ұстап, ешкімге обал, қиянат жасамай, тек қана ізгілік жасап өткенін тілейді.
  Әрбір адамға үлгі боларлық нақылдар тізбектеліп, өзінің өмір тәжірибесін жинақтайды. Тойымсыздыққа, опасыздыққа қарсы күресуге, қанағат, рақым сияқты адал жан айналысар істерге меңзейді.
  Ақын адамның мінезіне ерекше көңіл бөледі, жақсы адам өз мінезіне қарауыл қойып, жауап беріп отыру керек дейді. Бұл мәселеде кейде ол Абайдың "мінезді түзелмейді дегеннің тілін кесер едім" дегеніне қосылмайтын сияқты.
  Адам санаулы өмір жолын есепсіз, мәнсіз өткізіп алмай, нәтижелі, нәрлі, пайдалы өткізуі абзал. Керексіз, өнімсіз іспен шұғылданбай, еліне, халқына, өзіне, жақын-жуығына керекті тиімді әрекеттер істей білуге дағдыланғаны жөн деп термелейді.
  Жамандық пен жақсылық, адамдық пен арамдық арасын ажырата білуге, достық пен қастық, шындық пен жалғанды айырып, бірін жақтап, екіншісіне қарсы тұруға шақырады.
  Талапты жас, ең алдымен оқуға әуес болуы керек. Өнер, білім тек оқумен келеді. Тәлім-тәрбие алған жас ойлы, өнерлі боп өседі. Арамдыққа, зұлымдыққа бармайды. Олар құдай жолына да, адам үшін де аянбай еңбек етуге тиіс. Дүние, өмір қызығына алданбай, қиындыққа төзіп, ізденуді қолдайды.
  Жылы үй, сәнді киім, мұқтажсыз өмір жастарды бейқам өсіреді. Асылы, болам деген жас еңбекке, өнерге әуестеніп, аң аулап, құс салып, кәсіппен айналысуы керек.
  Шындығында да ақын туындылары әсерлі, мәңгі жасарлық мәнді. Көп жылдар өтсе де жырау сөздері өзінің құнын жоймай, халық мақсатына қызмет етіп келеді. Әсіресе, адамгершілік ақыл, өнегелі өсиет сөздері, шебер де шешен тұжырымдары құнды. Басына қайғылы, ауыр күн туған азамат, ел-жұрт Шортанбай толғауларынан өз ойына үндес сөз табады. Оның өлең жолдарын жиі қайталайды. Күйзелген жанына жай тауып, көкірегін кергеген қасіреттерді жеңілдетіп, рухани күш табады. Шортанбай сөздерін тек қасіретті адамдар үшін пайдалы туынды деп біржақты түсінікке жетелеуден аулақпыз. Керісінше, оның шығармалары – алуан салалы, өміршең, адамның бойына жігер, қуат құярлық оптимизмге де толы, оқушысын өз ырқына бірден көндіріп, ілестіріп кетерлік логикасы мықты туындылар. Сондықтан да әрбір дәуір ол туралы әр түрлі пікірлер айтып, кейде айтыстар туғызып келеді.
  Шортанбай туралы осы соңғы жылдарға дейін етек алып келген кереғар пікірлердің орын алу негізі де оның талғамының күрделілігі, күштілігі демекпіз. Шортанбай – бір топтың не бір таптың ақын ы емес. Ол жалпыға ортақ өз елінің, халқының жырауы. Сонысымен де құнды.
  Шортанбай шығармаларын бастан-аяқ дидактикалық сарында келеді деуге болмайды. Ірі талант иесі, ұлы жырауға тән ақынның өзіндік көркемдік стилі қалыптасқан. Ақын айтар ойын жай баяндай сала бермейді.
  Әр тұста ақылға бай, ойлы сөздер ұшқыр да өткір тілмен өрнектеліп, көркем бейнеленіп, өрелі туынды боп шығады. Ақындық шалқар шабыт пен төгілген сөз нөсерлері қазіргі оқушыларына да әсер естіледі.
  Ақын 1881 жылы қазіргі Қарағанды мен Жезқазған облыстарына қарасты Шет ауданы жерінде қайтыс болды. Ол - өлерде үстіне ескерткіш орнатпауды, үлкен ас бермеуді тапсырып, оған шыққан шығындарды елдегі жоқ-жітік, кемтарларға үлестіруді өсиет еткен.
Ақын көз жұмғалы ғасырдан астам уақыт өтсе де, оны халық қастерлеп, шығармаларын жадында ұстап, қымбат мұра ретінде қадірлеп келеді.
Қалықтаған сұңқар ем,
Қанатым сынды ұша алмай,
Қиындап қуға түсе алмай, -
деген ақынның өз сөзіне назар салайықшы. Асылы, "қияға қанат қағар сұңқар едім" - деп бекерге айтпайды.
  Шортанбай творчествосы да әдебиетіміздегі ақтаңдақтардан қатарында жөнді зерттелмей, жабулы тақырыптар қатарында келеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы:Атамұра, 2006.-555 б.

Шет ауданы: энциклопедия – Алматы: Қазақпарат, 2011 – 109 б.

Ол туралы:

Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы:Атамұра, 2006.-555 б.

Шет ауданы: энциклопедия – Алматы: Қазақпарат, 2011 – 109 б.

Мерзімді басылым беттерінде:

  Шортанбай және Жамбыл [Мәтін] /Заман.-1996.-4 қыркүйек (№33).- 3 б.

Түсен, С. Замана зарын төккен дара дарын [Мәтін] / С. Түсен // Алаш айнасы.- 2013.- 7 ақпан (№18).-5 б.

Сағымбеков, Р. Шортанбай жырау [Мәтін] / Р. Сағымбеков // Орталық Қазақстан.- 2012.- 25 желтоқсан (№218-219).-7 б.

Астана ақшамы,2020. – 9 маусым (67). – 8 – 9 б.