Тел.: +7 705 777 7788 Кіру

                   

ТАҢҒАЖАЙЫПТАРҒА ТОЛЫ КІТАПХАНА ТҮНІ!
Кітап - қастерлі қазына болса, кітапхана - сол асыл мұраларды сақтаушы киелі білім шаңырағы. Кейінгі жылдары ауданымыздағы кітапхана ордалары өз оқырмандарын кітап әлеміне шақыруға арналған шаралардың форматын заманауи мазмұнға ауыстырған. Солардың бірі жуырда аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен Ақсу – Аюлы ауылындағы орталық саябақта халықаралық дәстүрлі кітапхана түні акциясы өтті. «Кітапхана-ақпараттық мәдениеттің айқындауышы» тақырыбында өткен шырайлы шара биылғы балалар жылы мен еліміздегі мерейлі мереке Абай күніне арналып, біртуар жазушы Мұхтар Әуезовтың 125, ұлт ұстазы, алашорда қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойларын қамтыды. Түрлі түсті шарлар ілініп, қызылды – жасылды жарықтармен өрнектелген алаңда әуезді әндер ойнап, жұртшылықтың назарын бірден аудара білді. Мерекенің ашылу салтанаты 19.00-де басталды. Келген қонақтарды арнайы киінген ертегі кейіпкерлері күлімдеп қарсы алып, орыс халқының Бауырсақ ертегісінің көрінісі қойылды. Осыдан кейін, таңғажайып қызықтарға толы түн шымылдығы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі М.Нұрпейісованың құттықтау сөзімен ашылып, жас оқырман дайындаған испан биі көрерменнің көзайымына айналды. Кеш бағдарламасында библиограия бөлімінің кітапханашылары «Экология-ел тағдыры» атты экологиялық қалдықтардан, құрал-жабдықтар мен әр түрлі бұйымдардан жасалған көрмемен таныстырып, тақырыпқа сай жұмбақтар қойса, әдістеме бөлімі «Бағдаршам» атты QR-да жасырылған ойын өткізіп, Абай күніне арнап дайындалған Абай ауылындағы құнды жәдігерлермен таныстырды. Ал, кітапхананың аға буын оқырмандары оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі қызметкерлері өткізген «Әдеби караоке» ойынына белсене қатысты. Сондай – ақ, шара бойы кітапхана оқырмандарына алдын ала таратылған билеттер бойынша лотореялар ойнатылып, 50 астам бағалы сыйлықтар тарту етілді.