Құрал Қаппарұлы
Құрал Қаппаров 1938 жылдың 30 желтоқсанында Шет ауданындағы Байназар аулында дүниеге келді. Қырық жыл бойы білім беру саласында дене тәрбиесі, еңбек, алғашқы әскери дайындық пәндері бойынша ұстаздық қылды. Аудандағы қазіргі соқталдай-соқталдай азаматтардың көбісін үлкен өмірдің соқпағына осы Құрал аға ширатып салды.
Құрал аға Әмірұлы хақында әңгіме қозғағанда, алдымен ауызға халқымыздың атамзаманнан аты өшпей келе жатқан ойыны – тоғызқұмалақты алу керек. Шет ауданында, тіпті облыс көлемі бойынша тарихпен бірге жасасып келе жатқан тоғызқұмалақ сынды көне ойынның өшкенін жағып, жоғын тапқан жандардың бірі hәм бірегейі Құрал Қаппаров десек ақиқаттан қия баспаспыз.
Құрекең халықтың жадында көмескіленіп қалған тоғызқұмалақ сынды көне ойынды өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап насихаттап, оны дамыту ісіне мықтап ден қойды. Тоғызқұмалаққа қатысты нәрсенің баршасы Құрекеңнің назарынан тыс қалмады. Ұлттық ойынның арғы-бергі тарихы, оның адамның ақыл-ойын жетілдіруге тигізетін пәрмені болашақта тамырын тереңге жайып өріс алуы, бәрі-бәрі ұлтжанды азаматты өмір бойы толғандырып өтті.
Құрекеңнің тынымсыз еңбегі табыссыз да болмады. Оның дәріс беріп, тоғызқұмалақтың қыр-сырын тануға баулыған шәкірттері өз алдына бір шоғыр боп өсіп, аудан, облыс hәм република деңгейіндегі додалардан олжалы оралып жүрді. Өз алдына мектеп салды деген осы емес пе? Есімдері елге мәлім тоғызқұмалақшылар Ерқанат Бөлкенбаев, Өркен Қаппаров, Жанна Сәулебекова, Гүлжан Ізбасарова, Ерлан Мұқабаев, Құрал Самал, ағайынды Сыздықовтар және т.б. Құрекең мектебінің түлектері. Тоғызқұмалақ ойынының дамуына маңдай тері сіңген ағамыздың майдан еңбегі атаусыз қалған жоқ. 2002 жылы ҚР Туризм және спорт агенттігі басшысының бұйрығымен «Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері» деген атаққа ие болды.
Пайдаланған әдебиеттер:
Төрехан, М. Шікіл[Мәтін] /М. Төрехан // Алматы: ҚазАқпарат.- 2008.- 345-346 б.
Ол туралы:
Төрехан, М. Шікіл[Мәтін] /М. Төрехан // Алматы: ҚазАқпарат.- 2008.- 345-346 б.
Мерзімді басылымдар беттерінен: