Жарылғап Туйтеулы (1718-1769 гг.)
Түйте Жарылғап батыр 1718-1769 жылдар аралығында өмір сүрген.Жастайынан атқа мінген, азды-көпті қолмен аттана беретін. Өз заманындағы өтті де өжет батырлардың бірі болыпты. Қысылшаң жағдайда басы асқан жаумен де тайқымай бетпе-бет шайқаса береді екен. Сол себепті көпті көрген ғұламалар, көріпкел сыншылар, көп жорытқан батырлар тарапынан кезінде ''Жарылғаптың аруағы қара бүркіт екен, жеңіске жетерде де, жолы боларда да оны сол бүркіт бастап жолға салады екен” деген аңыз тарап кеткен.
Жарылғаптың аруағының шарықтап көтерілуіне біріншіден оның көкжалдығы болса, екіншіден осы аңыз да себеп болғанға ұқсайды.
Жарылғап өмірі ерлік шайқастарға, қанды жорықтарға толы. Бұл арада біз соның бірін ғана әңгіме етпекпіз. Ол кез жауынгерлік заманы. Күндерде бір күн Найзакескен дейтін жерде жасанған жау жатыр деген хабар жетеді. Жарылғап дереу қол жиып, жау бетіне қарай аттанды.
Жер ыңғайын жақсы білетін батыр әр тұстан барлау жүргізеді. Хабар шындық екен. Бұлар қалың қолдың үстінен шығады. Кімнің қолы – мәлім емес. Сонан соң Жарылғап жаман атқа мінгізіп, жаман киім кигізіп өзінің оң қолы Жарқынбай батырды жұмсайды. “Бейсауат жүрген жолаушы боп барда біл кім екенін? Сонан кейін жөніңе кет те, басқа жолмен қайтып орал” дейді.
Жарқынбай барып білсе Қанжығалы қарт Бөгенбайдың қолы болып шығады. Мұны естігеннен кейін Жарылғап ойға қалады. Үн-түнсіз кету бойға мін. Не істеу керек? Әрі-беріден соң ол: қой, бұл да атағына күші сай берен еді, алдынан өтейін. Ұзыннан өш, қысқадан кегіміз жоқ еді. Ал өзі тиіссе көрермін деген тоқтамға келеді. “Жарылғап сізге сәлем берем дейді” деген хабар салып, Бөгенбайға дереу кісі шаптырады. Бөгенбай Жарылғапты сыртынан біледі екен, кездесіп дидарласуға ризалық білдіреді. Келген соң ықыласпен қарсы алып, тай сойыпқонағасы береді. Екі батыр өткен-кеткенді бастап, кейіннен ұрыстар мен жорықтар, тегеурінді батырлар жайында әңгіме – дүкен құрып сыр шертеді. Осы жапсардан өтіп, қалмақтар қолы ел шетіне еңбек деген хабармен Бөгенбай батырдың жасанып, жол тоса шыққан беті екен. Бірақ сонда да Жарылғапқа сен де бізбен бірге бол деген емеурін білдіре қоймайды. Әңгімеден соң ертең екі жақтан жүйрік ат, найзагер, сайысшы, мықты жігіттерді сынастыруға келісіп, екі қолбасшы дамылдап жатып қалады. Таң атады. Сарбаздар ұйқыдан оянып, таңертеңгі ас-суын ішуге отырады. Нақ сол мезетте желкедегі Қисықтың асуынан аса тура тартып келе жатқан қол көрінеді.
Сол-ақ екен бұлар да жаушы-жалам атқа қонады. Сонша болмайды, бұлардың қарасын көрісімен жау да шабуылдап келіп қалады. Ұрыс басталып жүре береді. Айтқандай-ақ, бұл келген келген қалмақтар екен.
Қосшысы Көкмойын атты көлденең тарта бергенде Жарылғап та орнынан атып тұра келген екен. Бөгенбай:
Отыр, батыр, - депті Жарылғапты етегінен басып.
Қол бір түйісіп шықсын, оған дейін мына дәмді аяқтап, дастархан жиғызалық. Ол шамада ұрыстың басталысы да белгілі болып қалады.
-Кеш соғып жүрмесін, - деп Жарылғап тықырши беріпті.
-Сабыр, - депті Бөгенбай тағы да ұрыс жақты көз қиығымен шола түсіп.
Әр жерде үйме-жүйме. Үздік-создық ұрыс. Ойнап шығып жатқан аттар. Сарт та сұрт...
Бір заматта ұрыс жүріп жатқан кең алқаптан бергі босағасына дейін лықсып, ығыса бастағанын байқаған қарт Бөгенбай:
-Ал, “Жарылғап, мін атыңа! Өз адамдарың орын тепкен соң оң қанаттан Жарылғаптан!” сен кір. Мына шеттен “Бөгенбайлап!” мен тиісейін, - дейді.
Ұрыс көпке созылады. Ақыры, қалмақтар жеңіліп, бас сауғалау қамына кіріседі. Қашқан жауда береке бар ма, ұлар қалмақтарды өкшелей қуып көз байланғанша шабақтаумен болады.
Көптеген тон-тонауға ие болған Бөгенбай-Жарылғап қолы бас-аяғын жинап, түнделетіп Қарабұлақ деген жерге келіп тоқтайды. Сол арада ес жинап, ат белін суытып екі күн жатады. Үшінші күн дегенде Жарылғап Бөгенбайдан рұқсат сұрайды.
-Рұқсат, Жарылғап. Қайратыңа ризамын. Қия шабар қырбат қимылың көз алдымда. Сен болмасаң бұл қалмақты ала алмағандай екенбіз, дейді сонда Бөгенбай, - қайда жүрсең аман бол, алапатың арта берсін!
Осыдан соң ол әлдене есіне түскендей күрмеліп барып:
-Әттең, алды-артыңа бірдей болар ма едің, - депті. Ұрыстың басында ол Жарылғаптың артынан келген жауды ұрып жаттықпағанын аңдап қалған болса керек.
Ал Бөгенбайдың өзі оңды-солды, алды-артымен бірдей ұрады екен.
-Рақмет! Бұдан былай есте болар, - депті Жарылғап.
Қонағын көптеген олжамен шығарып салып тұрып Бөгенбай:
-Құп алсаң, құда болалық, құдай айырмас дос болалық, Жарылғап, - депті.
-Менде қыз жоқ еді... Төрт ұлым бар, - дейді Жарылғап.
-Олай болса менде қыз бар. Сөзіңді байла!
-Құп, - дейді Жарылғап.
-Ендеше осы алдағы күзде мен өзім келейін, - дейді Бөгенбай, бірақ саған қоятын шартым: төрт балаңды біртіңдеп алдымнан өткізесің. Күйеу боларлық баланы өзім таңдаймын.
Жарылғап мұны да құп алды. Айтқандай-ақ күзде Бөгенбай келеді. Жарылғап оны сынамақ болып, өз балалары емес, ауылдағы басқа төрт баланы жақсылап киіндіріп батырдың алдынан өткізеді. Бөгенбай олардың бірде-біреуін ұнатпайды. Төртеуінің қара бойынан Жарылғапқа ұқсар ешбір белгі көре алмай түңілгендей болып сәл отырады да, әлден соң:
-Мен әурелеп қайтесін, Жарылғап, енді өз балаларыңды көрсет, - дейді.
Бөгенбай батырдың сыншылдығына қайран қалған Жарылғап сонда одан кешірім сұрап, өз балаларын келтіреді. Алдымен ортаншы баласы Жәнібекті салған екен.
-Қотан аяқ, қолекпелеу екен. Менің қызыма күйеу бола алмас, - дейді Бөгенбай.
Бұдан кейін келген Сәдібекті:
-От басынан ұзамай, мал ішіндегі малма етектің өзі болар тірі жүрсе, - деп оны да жаратпады.
Тәрізі, әке балаға сыншы, Жарылғап та өзінше тәуірін іркіп қалып, нашарларын алға салса керек.
Ең кенжесі Бәубекті әкелгенде:
-Көріп тұрмын. Сауытымды киер, сағымды сындырмас деп сенген балаң ғой бұл. Рас, қолы қанды, жолы шаңды да болар, әттең ашуынан ақылы саяз, мінезі көріпкетпелеу болар. Мұны да қоя тұр, - депті.
Жарылғап ең соңынан тұңғышы Қырбасты әкеліп көрсеткенде Бөгенбай көз алмай тесе қарап қалған екен дейді. Бала шығып кеткеннен кейін:
-Ия, Жарылғабым, қыран көзді Қырбасың маған ұнады. Еңсесі биік, етек-жеңі кең екен, егескен дұшпанына есе бермес апайтөс, әрідеп тарпа болжамды, ақылдың иесісі болғай, - депті.
Сөйтіп, Бөгенбай қызын Қырбасқа айттырады. Одан Байсейітбай туған. Ол қай Байсейітбай? Ауыздыға сөз, азулыға дес бермеген Байсейітбай. Аузынан жалын атқан аға сұлтан Құнанбайға Қарқаралы дуанында болған бір топта “Ақырзаман боларда күншығыстан жалғыз көзді тажал шығады, сен тап соның өзі емессің бе?” деген Байсейітбай. Жалғыз баласы Нұрлан абақтыға түсіп, соның ісін қуа келген Байсейітбай оязға кіре алмай кезек күтіп отырған Шорманның Мұсасымен тағы да Құнанбайды көріп “Сеніп келгенім сен екеуің ең, босағада күшіктей телміріп отырған түрлерің жаман екен, енді кете берсем де болар” деген Байсейітбай. Жамантай ханның баласы Түлік төре күш көрсетіп, Байсейітбайдың көк тұлпарын алып кел деп жіберген биін сабап-сабап қоя берген Байсейітбай.
Қысқасы, Бөгенбай мен Жарылғаптың түлегі Байсейітбай да ердің епінбей, егеудің сынығындай, ақылына күші сай көкжал болған. Бірақ, оның заманында ту ұстап, қол бастап жорыққа аттанушылық болмай қалған.
Жарылғап тұқымы өскен тұқым. Олардың байырғы атамекені қазіргі Ақшатау, Қарабұлақ дейтін жерлер. Жарылғап ұзақ жасап, әбден қартайған шағында дүние салған. Зираты Түркістанда.
Пайдаланған әдебиеттер:
Көкбөрі Жарылғап батыр [Мәтін] Алматы, ҚазАқпарат, 2009. – 129 б.
Шет ауданы : [Мәтін] энциклопедия – Алматы: Қазақпарат, 2011- 32-34 б.
Жүністегі, К. Шырағдан [Мәтін] / К.Жүністегі.- Алматы: “Ел-шежіре” ҚҚҚ, 2007. – 122 б.
Шет ауданы. Энциклопедия.- Алматы: ҚАЗақпарат, 2013.- 24-26 б.
Тарихи тұлғалар [Мәтін] / Құраст. Тоғысбаев Б., Сужикова А. – Алматы: Алматыкітап баспасы, 2008. – 248 б.
Ол туралы:
Сматай ,С. Жарылғап батыр [Мәтін] / С. Сматай.- Алматы: Айкос, 200.-283 б.
Жүністегі, К. Шырағдан [Мәтін] / К. Жүністегі.-Алматы: “Ел-шежіре” ҚҚҚ, 2007. – 114-120 б.
Шет ауданы. Энциклопедия.- Алматы: ҚАЗақпарат, 2013.- 24-26 б.
Көкбөрі Жарылғап батыр [Мәтін] Алматы, ҚазАқпарат, 2009. – 129 б.
Тарихи тұлғалар [Мәтін] / Құраст. Тоғысбаев Б., Сужикова А. – Алматы: Алматыкітап баспасы, 2008. – 248 б.
Мерзімді басылым беттерінде:
Қабылдаұлы ,С. Батыр ауылындағы бас қосу [Мәтін] / С. Қабылдаұлы // Заман.-
2007.- 20 қыркүйек (№31).- 5 б.
Қашқынов, Ж. Баhадүрдің сом тұлғасы [Мәтін] / Ж. Қашқынов // Орталық Қазақстан , 2002.-6 қараша (№177-178).-11 б.
Ескерткіш орнатылды // Орталық Қазақстан, 2007.-11қыркүйек (№147).-1 б.
Имаш, Е. «Үштің біріне қосылған» [Мәтін] / Е.Имаш // Орталық Қазақстан ,2009.- 9 шілде (№101).-6 б.