Тел.: +7 705 777 7788 Кіру

Шет ауданының әкімшілік – аумақтық құрылымы

Әкімшілік – аймақтық бөлініс мемлекеттің аумақтық ұйымдастыру жүйесі болып саналады. Қазақ ұлттық мемлекеті құрылғанға дейін Қазақстан жерінің аумағы Ресей патшалығының бодандығында болып келді.Патша үкіметі алғашқы әкімшілік- аумақтық өзгерістерді Қарағанды облысының құрамына кірген аумақтарда жүзеге асырды.

Шеттің аудан болып құрылған кезіне дейінгі әкімшілік- аумақтық реформалардың бір ғасырдан астам уақытты қамтитын күрделі тарихы бар.

            1822 жылы «Сібір қырғыздары жөніндегі жарғы» бойынша Орта жүздегі хандық билік жойылып, жаңа басқару жүйесі енгізілді. Ол бойынша аймақтық приказдар басшылық еткен сыртқы аймақтар құрылды. Аймақ болыстардан, ал болыс ауылдардан құрылды. Ертіс өзеніңен Балқаш көліне дейінгі аумақты алып жатқан Қарқаралы приказы   1824 жылы Бірінші сыртқы аймақ болып ашылды. Аймақтың құрамына 17-18 болыс кірді. Патша үкіметі Қазақстан жеріндегі өз билігін нығайтуға патша әкімшілігінің жергілікті жүйесін тиімді пайдаланды. 1868 жылы құрамына Ақмола, Семей,Торғай және Орал облыстары кірген орталығы Омбы қаласындағы Дала генерал- губернаторлығы құрылды. Орталығы Семей қаласында болған Семей облысы бұрынғы Баянауыл, Қарқаралы, Өскемен  сыртқы аймақтарының аумағында құрылды. Облыс Қарқаралы, Көкпекті, Павлодар, Семей уездеріне және Зайсан приставына бөлінді. Уездер болыстарға, ал болыстар әкімшілік ауылдарға бөлінді. ХІХ ғасырдың соңында пайда болған әкімшілік- аумақтық құрлыс жүйесі Қазақстан жерінде 1917 жылға дейін сақталды. Кеңестік кезеңдегі Қазақстанның әкімшілік- аумақтық құрлысының негізі 1919 жылғы 10 шілдедегі РКФСР Халық  комисарларының кеңесі бекіткен «Қырғыз жерін басқару бойынша революциялық комитет туралы уақытша ережемен» анықталған. Комитеттің қарамағына: Орал,Торғай, Ақмола және Семей облыстары берілді. Қазақ Кеңестік ұлттық мемлекетінің құрылуы заң жүзінде РКФСР БОАҚ және ХҚК 1920 жылғы тамыздағы «Автономиялық Қырғыз Социалистік Республикасы туралы» декретпен бекітілді.Республика астанасы Орынбор қаласы болды. Осы жылы Қазақстан аумағында жаңа әкімшілік- аумақтық құрлыс енгізілді. Ол бойынша губерниялар құрылды. Губерниялар өз кезегінде уездерге, уездер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінді. Болашақ Қарағанды облысының аумағы Ақмола (Ақмола және Атбасар уездері) және Семей (Қарқаралы, Павлодар уездері) губернияларына қосылды. БОАҚ  Төрағасының 1928 жылғы 17 қаңтардағы ІІ сессиясының 6 жиналысында қабылданған Қазақстанның әкімшілік- аумақтық құрлысының жобасы бекітілді. Жаңа жүйе бойынша аймақтар аудандарға, аймақ ішінде аудандарға, аудан ішінде ауылдарға, аудан ішінде ауылдарға, селоларға бөліну ұсынылды. 1928 жылы Семей губерниясының Қарқаралы уезінің бұрынғы болыстарынан құрылған 7 ауданнан тұратын Қарқаралы аймағы құрылды, оның ішіне Шет ауданы да кірді, орталығы Қызылеспе мекені Аудан- аймақтық қалалық, ауылдық және селолық кеңестермен байланыстырушы негізгі бөлім болып есептелді. Аудандарды құру негізінде ауылдардың, селолардың белгілі бір экономикалық және мәдени орталыққа экономикалық тәуелділігі, билік органдарының халыққа жақындау мүмкіндігі, сонымен бірге ауданның ұлттық құрамы да ескерілді.

            1930 жылы республикалық билік органдары анықтаған аудандарды тікелей басқару социалистік индустрия мен ауылшаруашылығы өндірісінің жылдамдауына себепші болды. Осыған орай, аудандарды келешекте ірілендірудің мүлдем қажетсіздігі жайында Қазақстанның кең- байтақ жерінде колхоз және совхоз құрлысының дамуы әрбір ауданды билеуші аймақтық және шаруашылық ұйымдарының тарапынан нақты және жедел басқарылуын қиындатты.Осыған байланысты ҚАЗ ОАК 1932 жылы 20 ақпанда болған ІІ – сессиясында, БОАК 1932 жылғы 10 наурыздағы, «Қазақстан облыстарының құрылуы туралы» қаулысымен бекітілген, жекелеген аудан топтарының шаруашылық бағыттарының ерекшеліктері мен Қазақстанның географиясының орналасуын еске ала отырып 6 облыс құру туралы қаулы қабылданды. Осы қаулының негізінде орталығы Петропавл қаласындағы Қарағанды облысы құрылды. 1932 жылы Қарағанды облысын құрған, қалған аудандар басқа облыстарға қосылды: соның ішінде Шет ауданы – Алматы облысына қарады. КазОАК 1933 жылы 20 ақпандағы қаулысымен Алматы облысының Шет ауданы Қарағанды облысының құрамына берілді.

1973 жылы 20-шы наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кенесінің Жезқазған облысын құру жөніндегі Жарлығына сәйкес Жаңарқа мен Шет аудандарын ықшамдау есебінен Ақадыр ауданы құрылды. 1997 жылы Ақадыр ауданы таратылып, қайтадан Шет ауданының құрамына кірді.

1923 жылы Өспен зауыты жабылып қалады. Кедей жұмыскерлер бірігіп, «Бозшакөл» деген жерге келіп, шымнан үй салады.Өтенов Сыдан, Нақыпов Алтыбай, Талов Ахметжан, Түйтебай ұлдары- Ақыжан, Мақыжан, Майкотов Оразалы- бәрі тізе қосып, байларға ырық бермеді. Сыдан Өтенов пен Мақыжан Түйтебаевты Қарқаралы уезін жіберді. Өкімет алдына барып, халықтың ауыр жағдайын айтқан олар 20-30 күшкөлік, 10-15 арба-соқа бөліп берген. Оны Сыздық Ақылбаев пен Қали Тайбеков алып келеді.

Айғыржалда Байсақалов Әшілайдың Сопыжанның әкесі жел дирмені бар. Халықтың бидайын ұн қып тартып береді. Бұл жағдайды «Ел құлағы - елу» ел естиді. Жан-жақтан ел көшіп келе бастайды. «Елге ел қосылса құт» деген. Бұрын жиырма үй еді, енді қырық- елу шақты үйге айналды.Олардың ішінде Әйеш Иманбаев, Қаби Қаратөбелов, Жолдас Омаров, Әзберген Сәрінжіпов тағы басқалары келе бастады. «Ленин қоғамы» деп атады. Қарқаралы уезінен Айса Тоқтарбеков келіп партия ұйымын құрды. Оның хатшысы болып мұғалім Тұңғышбек Дәлмағанбетов сайланды.Уездік комсомол комитетінен Жақия Кенешев келіп, комсомол ұйымын құрып, оның хатшылығына Сәулебек Сыздықовты бекітеді. Сол уақытта есейген жастар комсомол қатарына кіре бастады. Мұқажан Елеубеков, А.Мырзақожин, А.Шоланов, Н.Ахметов, Сембай Мырзабековпен бірлесе отырып, жұмыс істеді. Партия мен комсомол мүшелері күн сайын өсіп, Қызылтау болысының саяси істеріне белсене басшылық жасады. Әсіресе коммунист Ыбышев Жүніс, Жонкин Шөкей, Арыстанбеков Рақым, Жасыланов Меди, Көрпешов Сағындық, Түсіпов Қызкен, Шаян Қойшыбаев, Бекенов Әбеулердің еңбегі ерекше болды.

Комсомолдың алғашқы қарлығаштары халық арасында жиі болып, қалыңмал беріп, жас қыздарды еріксіз байлардың тоқалдыққа алуына қарсы шықты. Әйел теңдігін қорғады. Сауатсыздықты жоюға белсене араласты, оларды оқытты. Елді мекендерде мектеп ашуға, балаларды оқытуға құлшына кірісті. №1 ауылда Қойбағар Кернейбеков, №2 ауылда Изатбек Әлкеев №3 ауылда Тұңғышбек Дәлмағанбетов, №6 ауылда Смағұл Молдақашев, №10 ауылда Сәкітай Шынығұлов балаларды оқытты. 1927 жылы Мойынты,  Сарыбұлақ болыстарын біріктіреді. Оны Шет болысы деп атаған Сәукен Шет болысының милиция бастығы боп тағайындалады. 1928 жылы Нұра, Қызылтау, Шет, Ақшатау болыстары бірігіп, Шет ауданы болып құрылады. Ауданның Шет аталуы ел сөзін ұстаған азаматтардың ұйғарымымен болған.

Қыстай басы бірікпей әр ауылда қыстап жүрген аудан мекемелері жазшыға, шілде айының басында Қайрақты өзенінің басжағындағы Балқаш жайлауында елуден аса үй тігіліп, алғаш рет бас қосып үлкен жиын өткізген. Ауданның орталығы алғашқы бетте Қайрақты өзенінің бойында, Шетшоқы тауының күншығыс жағы және Толағай тауының маңында киіз үйде отырды. Қызылеспеде (қорғасын заводы) екі жыл қыстады.